Таразда сұйық майдың бағасы шарықтап шыға келді. Соңғы бір аптаның ішінде бұл өнім 20 пайызға қымбаттаған. Іле-шала ас атасының құны да көтерілген деп хабарлайды КТК арнасы.
Кешеге дейін 45 теңгеден сатылып келген нан бес теңгеге өсті. Бұған мемлекеттің наубайханаларға субсидия бөлуді тоқтатқаны себеп дейді шенеуніктер.
Үш жыл бойы әлеуметтік нанды 45 теңгеге алып үйренген әлеумет бүгін жаңа бағаға мойынсұнуға мәжбүр. Ал саудагерлер ас атасының құнын амалсыз көтердік деп отыр.
“Қазір 50 теңге болып жатыр. Енді 47 теңгеден әкеліп беріп тұр ғой, көріп тұрсыз. Пакеттің өзін мың теңгеден алып келдім міне”, – дейді сатушы Рыскүл Исаева.
Сөредегі бағалар әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Дегенмен, кей ірі сауда орындары нанның бұрынғы құнын әлі де сақтап тұр. Бірақ онысы ұзаққа бармасы анық. Себебі құнды көтеруге биліктің өзі рұқсат берген. Оған Үкіметтің ұн алуға субсидия беруден бас тартуы себеп екен.
“Бірінші қазаннан бастап субсидияланып жатқан жоқ. Бірақ төртінші тоқсанға, үкіметте субсидия мәселесі қаралып жатыр. Бірақ жаңа меморандуммен келетін субсидия бағасы, кішкене көтеріңкі болады”, – дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Нұрғазиев.
Одан бөлек, сұйық майдың да ақысы тұрғындардың қалтасына салмақ салуда. Соңғы бір аптаның ішінде онсыз да өскен баға тағы да 20 пайызға көтерілді. Қазір сұйық майдың литрі кемі 400 теңге.
“Сұйық май қымбаттаған. Шекер, бәрі қымбаттаған. Ала бермейміз ғой бәрін, ең керектісін көрейін деп барсам бәрі қымбатттаған. Жаңадан бағасын қойып қойған, не істейміз енді?”, – деді Тараз қаласының тұрғыны Ділдә Орманова.
Шенеуніктер өсімдік майының құны шарықтау шегіне жетті дегені бекер дейді. Бар болғаны 5 пайыз көтерілді деп міз бағатын емес. Ал жалпы бағаның өсуін зауыттардан ескі бағамен әкелінген өнімнің таусылуымен байланыстырды.