Қазан айының онында Алматыда қоғам белсенділері Сержан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев әлеуметтік желілер арқылы ел ішінде ұлтаралық араздықтың туындауына түрткі боларлықтай ақпаратты таратты деген күдікпен қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жабылған болатын.
Оларға азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар мәліметтерді таратты деген мағынада айып тағылып отыр.
Осы іске байланысты қазанның 12-інде ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-ші бабы, 1-ші бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал бүгін, яки қазанның 15-і күні Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында жиналған материалдар негізінде осы азаматтарға қарсы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы енгізілді.
«Қазіргі уақытта Мәмбеталин мен Нарымбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын одан әрі жалғастыру мәселесі шешімін тапты. Осыған байланысты осы істі тергеу амалдары алдағы екі ай бойы үздіксіз жүргізілмек. Ал екі айдан кейін тергеуші өзінің процессуалды шешімін қабылдайтын болады», - деді сот процесіне қатысқан Алмалы аудандық прокурорының аға көмекшісі Дәурен Ауыпбаев.
Еске сала кетейік, Прокурорлық санкцияның пәрменімен аталған тұлғалардың үйінде тінту жүргізіліп, заттық айғақтар табылған болатын.