Шымкенттік қызға өз бүйрегін берген Абзал Әділовтің аллергиямен ауырып жүргеніне төртінші ай болыпты. Денесіне шыққан қызыл бөртпелер күні-түні қышып мазалайды деп жазады «Мой город».
Абзалдың айтуынша, оның тұрмыс жағдайы жақсы. Ол Оралдан ипотекаға бір бөлмелі пәтер алған. Үш ай бұрын ғана Алпамыс есімді ұлы дүниеге келіпті.
«Бір жыл бұрын әкімдік маған жұмысқа тұруға көмектескен болатын. «Квант» ЖШС компаниясында күзетші болып істеймін. Жалақым – 63 мың теңге. Оның 43 мың теңгесін пәтерге беремін. Қалған ақша азық-түлік пен коммуналдық қызметке кетеді. Бір бүйрегім жоқ болғанымен, маған мүгедектік жәрдемақысы берілмейді. Өйткені ол денсаулығымда кінәрат болса ғана беріледі екен», – дейді Абзал.
Желтоқсан айынан бері Абзалдың денесіне қызыл бөртпелер шыға бастапты. Қанша дәрі-дәрмек ішсе де бөртпе әлі күнге дейін басылмаған. Оралда дәрігер қарауынан өтіпті. Алайда, олар өздері емдей алмай, Самараға тексерілуге жолдама берген.
«Мен тексерілгенімде аллергия тамақтан болуы мүмкін деген болатын. Бірақ төрт ай бойы денемдегі бөртпелер кетер емес. Енді тексерілу үшін Самараға барсам деп отырмын. Оған ақшам жоқ. Сол үшін халықтан көмек сұраймын», – дейді Абзал.
Ол ғана емес, жігіттің жақында өтін де алып тастауы мүмкін екен. Ал Самарада тексеруден өту үшін 300 мың теңге қажет дейді.
Еске салсақ, 2017 жылы Абзал Әділов шымкенттік Жәмила Байсеріковаға өз еркімен донор болып, оған бір бүйрегін берген болатын. Ал өткен жылы шілдеде Абзал Әйгерім есімді Шымкенттің қызымен отбасын құрған.