$ 494.87  520.65  4.91

Сыбайлас жемқорлықпен күресу тәсілі өзгертіледі

2015-2025-жылдарға арналған жаңа стратегияға сәйкес қоғамдық дерттің салдарынан гөрі себебіне көбірек көңіл бөлініп, алдын-алу шаралары күшейтілмек.

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында өткен ашық есік күнінде жан-жақты айтылды.  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті ұйымдастырған шараға мемлекеттік қызметкерлерден өзге қоғамдық ұйым өкілдері де қатысты.

Өткен жылы өңірде 100-ден астам шенеунік әр түрлі тәртіптік жазаға тартылған. Халықаралық тәжірибелер мен елдегі жағдайлардың ерекшелігін ескере отырып жасалған жаңа стратегияда қоғамдық бақылауды күшейтуге баса мән берілген. Жиын соңында мемлекеттік қызметкерлер үшін арнайы психологиялық тренингтер де ұйымдастырылды.  

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Берік Бекжановтың айтуынша, агенттік жұмысының негізгі бағыты – құқық бұзушылықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алу болып табылады. 

Б.Бекжанов сыбайластық қылмыстың алдын алу азаматтардың өзіне тікелей байланысты екенін айта келе, мұндай жағдайда не істеу керектігін түсіндірді.

- Жемқорлық заң бұзушылық фактілер болған жағдайда азаматтар мемлекетке 1494 тегін call-центр арқылы хабарлай алады. Жемқорлық заң бұзу фактілерін хабарлаған, немесе қандайда болмасын басқа әдіспен мемлекетке жемқорлықпен күресуге үлесін қосқан тұлғалар 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін мөлшерде материалды ынталандырылатын болады. Жемқорлық құқық бұзушылықты хабарлаған және басқа да жолмен жемқорлықпен күреске ат салысқан тұлға мемлекет қорғауында болады. Жемқорлықпен күреске көмек берген тұлға туралы ақпарат мемлекеттік болып табылады. Бұл ақпаратты жариялаған тұлға Қазақстан Республикасының «Сыбайластық жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңымен бекітілген жауапкершілікке тартылады. Қажет болған жағдайда, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар жемқорлыққа қарсы күреске ат салысқан тұлғаның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, - деп атап өтті ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары