Тіпті, зейнеткер оның бақилық болғанын білмеген де көрінеді. Көпқабатты үй төңірегін жағымсыз иіс жайлағанда, көршілері құзырлы органдарға хабар берген соң бір-ақ білген. Полиция мүрдені әкеткенімен пәтерде әлі күнге дейін дезинфекция жасалмаған. Оның үстіне, апалы-сіңілілердің баспанасы көшеден жинаған тұрмыстық қалдыққа лық толып тұр деп хабарлады КТК телеарнасы.
Бұл бір бөлмелелі пәтерде 78 және 70 жастағы апалы-сіңілі зейнеткерлер тұрып келген. Көршілерінің айтуынша, кезінде екеуі де дәрігер болған. Ал қартайған шақтарында психологиялық дертке шалдықты дейді. Соның салдарынан, үйлеріне көшедегі тұрмыстық қалдықтарды тасуды әдетке айналдырыпты. Ең сорақысы, әпкесі сіңілісінің бақилық болып кеткенін білмеген. Мүрде екі аптаға жуық үйінде жатып қалған. Тек, төңіректі жағымсыз иіс жайлаған сәтте жұрт полиция шақырыпты.
Қазіргі уақытта Менжеган Саптарованы психологиялық диспансерге емдеуге əкеткен. Дегенмен, жұртты қоқыр-қоқсыққа толып, адам мүрдесі жатып қалған баспанаға дезинфекция жасалмағанына алаңдатады. Олар бір аптадан бері жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырғанымен нәтиже жоқ. Бір-біріне сілтеп мезі етті дейді. Ал, оқиға орнына келген мамандар біреудің жеке мүлкіне қол сұғалмайтындарын айтып ақталады.
Көршілер жергілікті биліктен екі кейуананы үш жыл бұрын бейімдеу орталығына орналастыруды сұрап барған екен. Алайда, атқамінерлер уәдені үйіп-төгіп артынша бірі төбе көрсетпеген. Сондықтан олар әкімлдіктегілердің «сот арқылы шешеміз» деген сөздеріне де сенбейді. Енді амалы таусылған тұрғындар мүңкіген иістен құтылу үшін пәтерді өздері тазалауды қолға алмақ.