24.04.2019, 11:55

Жастарға арналған 1 мың пәтер: Үш қалада баспана биыл беріле бастайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салу тапсырмасына қатысты жыл сайын 7,2 млрд теңге (үш жыл бойы) бөлінеді. Бұл жайлы ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жыл сайын мың пәтерден үш мың пәтер салынатын болады. Нақтырақ айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында 350 пәтер, Алматыда 350 пәтер және Шымкент қаласында 300 пәтер салынады. Қазір үш жылға бюджет қабылданды. Жыл сайын 7,2 млрд теңге қаржы бөлінеді. Пәтерлерді жастардың қай санатына қалай бөлінетіні жайлы ереже министрліктерде пысықталып жатыр. Мәселен, 350 пәтер салынғанымен, оған 30 мың адам өтінім беруі мүмкін. Сондықтан, қаржы бөлінді,құрылыс басталады. Биыл осы пәтерлерді сатып алуға да мүмкіншілік бар», - дейді Мархабат Жайымбетов. 

Еске сала кетсек, былтыр Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын мәлім еткен болатын.  Ал былтыр күзде Үкіметтің кеңейтілген отырысында сол тұстағы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек (қазір - Премьер-министрдің орынбасары) Астана, Алматы, Шымкент жұмысшы жастарына 1 мың пәтер салу мамырда басталатынын хабарлаған еді.