$ 444.22  476.38  4.82

Таразда тарихи той өтті

Президент жұмыс сапарымен Тараз қаласына барды. Сапар аясында бірқатар нысандарды аралау, сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсіміне қатысу жоспарланған. Сапар барысында Елбасы «Әулие ата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалында болды.

Нысанды аралау барысында Мемлекет басшысына жаңа терминал таныстырылып, әуежайды қайта жөндеу, арнаулы жаңа техникалар алу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндалды.

«Әулие ата» әуежайы әуежай кешенін, аэровокзалды, аэродромды, авиациялық-техникалық базаны қамтиды. Сондай-ақ онда ұшуды радио құралдары көмегімен және жарықпен қамтамасыз етуге арналған құрылғылар, түрлі техникалар және басқа да жабдықтар бар.

Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсіміне қатысты.

Қазақстан Президенті рәсім аясында монумент тұғырына гүл қойып, құттықтау сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақ хандығының
550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен

Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді.
Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас басталғанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.

Сегізінші ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айрылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған. Қай заманда болмасын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғыздым.
Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен.
Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді.
Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты.
Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет саналатын Қазақ хандығының осы осалдығын оңтайлы пайдаланған жоңғарлар тұтқиылдан соғыс ашып, ел тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген трагедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шықты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақай түбінде жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті.
Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғызыншы территория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік.
Біздің бабаларымыз – ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған. Олар Ұлы даладағы алуан тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде сан рет жауларына жем болған.
Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол –қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға біткен бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың әруағы жар болсын!
2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылатын болады. Біз өзіміздің қасиетті жеріміздің тарихы бірнеше мыңдаған жылдарға кететінін есте сақтай отырып, өз бабаларымыздың естеліктері мен істеріне тиісті баға береміз.
Әлемде қандай да бір халықтың өз мемлекетінің ресми атауымен бірге айрықша бейформальді ұғымды пайдаланатын мысалдары көп. Біздің қасиетті жерімізді ежелден Ұлы Дала, ал біздерді – Ұлы Дала ұрпағы деп атады. Оны сонау ерте замандардан бері туған жерге деген халықтық махаббатты домбыраның, қобыз бен жетігеннің жүректі арбайтын әуеніне айналдыра отырып ақындар жырға қосты.
ХХІ ғасырда далалық Еуразияның құшақ жетпес кеңістігі қайтадан түлеп, өркендеуде. Біз өз Тарихымыздың жаңа Шамшырағын жақтық. Сондықтан да бүгінде және әр кезде де біздің Қазақстан – ол Ұлы Дала Елі! Ол – түлеген Ұлы Дала Елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы.
Тағы да қайталап айтайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!

Мемлекет басшысы барша халықты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, Астанадан басталып, Таразда жалғасын тапқан мерекелік шаралардың маңыздылығын атап өтті.

«Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы жалпыхалықтық мереке екенін атап өтті.

Мерекеге орай Тараз қаласының да келбеті жаңарды. Бұған Қазақстанның барлық облысы атсалысты, сол үшін оларға алғыс білдіреміз. Осының бәрі – ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының нышаны. 17 елден келген қонақтарға алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Мемлекет басшысы көпшілікті тағы да құттықтап, игілік пен бақ-береке, сондай-ақ елімізге тыныштық пен бейбітшілік тіледі.

Монументті ашу рәсіміне 5000-ға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған.

Қазақстан Президенті «Көне Тараз» музейінің экспозицияларын аралап көрді, сондай-ақ шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен, Жамбыл облысы тұрғындарымен, қонақтарымен кездесу өткізді. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.

Сонымен қатар, Елбасы Археологиялық саябаққа барып, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаты «І-ХІХ ғасырлардағы ежелгі Тараз» ескерткішінің аумағын «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық саябағына айналдыру болып саналады.

Сараптама нәтижесінің қорытындысы бойынша, биыл қалашық аумағындағы нысандар құрылысының аумақтық шекаралары нақтыланып, қазба жұмыстары кезінде табылған тұрғынжайлардың орны анықталды. Табылған экспонаттар мен жәдігерліктер қатарында теңгелер, қыш бұйымдар, қыш құбырлар арқылы жүргізілген ежелгі сумен қамту жүйесі және орта ғасырдағы басқа да заттар бар.

Қазақ тарихының тамыры тереңде жатыр. Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Біз – Орта Азиядағы ежелден келе жатқан мемлекеттердің біріміз. Ол – даусыз.
XV ғасырда Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі аймақты алып жатқан Ақ Орданың орнына Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын Шайбанның ұрпағы болып келетін Әбілхайырдың хандығы құрылады. Ол билік құрған 40 жылдың ішінде Дешті Қыпшақтағы бытырап жатқан тайпалардан бір орталыққа бағынған мемлекет құруға тырысты. Алайда 1457 жылы Сығанақ түбінде Өз-Темір тайшы бастаған ойраттардан жеңілуі және ішкі талас-тартыс кезінде Әбілқайырдың үлкен ұлы Шах-Будаг-сұлтанның өлтірілуі Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды қудалауға алып келді. Осы жөнінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде былай деген еді: «…1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады». Осылайша Еуразияның шетсіз де шексіз ұлы даласын ертеден мекен еткен түрік тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық тобына жіктелген қазақтар XV ғасырдың ортасында Шу мен Таластың алқабында хандықтың туын тігеді.
Көне тарихқа үңілсек, Талас пен Шу өзендерінің аңғарлары ерте заманнан түріктерге құтты қоныс, жайлы мекен болған. 1991 жылға дейін жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде бұл өңірде ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің саны 143-ке жетіп отыр.
Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды деп айта аламыз. Түрік қағанаттары кезінде Талас пен Шу өңірінде салынған ондаған қалалар мен елді мекендердің сұсты қамалдары мен зәулім мұнаралары олардың құдіретін бүкіл әлемге әйгіледі. Батыс Түрік қағанатының орнына келген Түркеш, Қарлұқ және Қарахан мемлекеттерінің тұсында да Талас пен Шу өңіріндегі қалалардың саны өсіп, мықты қорғаныс жүйесі әрі осы мемлекеттердің орталығына айналды.
Алайда ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Ақсақ Темірдің Орыс, Тоқтамыс сияқты Алтын Орда хандарымен жиі-жиі тақ үшін тайталастары, сондай-ақ Ақсақ Темірдің Моғолстан билеушілерімен шайқастары қалалар мен елді мекендерді біржолата тоздырды. Әсіресе, Тараз, Баласағұн, Құлан, Меркі, Аспара сияқты қалалары бар өңірді құлазытып, қиратқан Әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ Орда, Моғолстан, одан соң Алтын Орда сияқты түрік тілдес халықтардың мемлекеттік құрылымын әлсіретіп, кейін олардың жойылуын жақындатты. Тіпті Әмір Темір шапқыншылығының күшті болғаны соншалықты Тараз қаласы жойылып, оның орнына Янги Тараз (Жаңа) деген атаумен жаңа қала пайда болады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбегіне назар аударсақ: «Янги (Жаңа) — бұл Моғолстанға белгілі жер. Мауераннахрдегі көптеген адамдар осы Янгидан шыққан. Олардың бәрін янгилықтар деп атайды. Янги деп атайтын аймақта бірнеше қаланың орны сақталғаны белгілі».
ХV ғасырда да Тараз өңірі өзара қырқысудың сахнасына айналған. Алайда Талас және Шу аймағындағы қалалардың толық жойылғанына қарамастан өңірдегі отырықшылық пен жер өңдеу шаруашылығы дамуын тоқтатпады. Осыған байланысты XVI-XVIII ғасырларда Аспара, Тараз, Бурана, Садыр қорған, Қойшыман және Шәрі сияқты қалалар өз мәртебесінен айырылса да, тіршілік нышанын сақтап қала білді. Осындай қасиетті де, киелі жерде Қазақ хандығының құрылуы заңды құбылыс болып табылады. Яғни, Жәнібек пен Керей сұлтан бастаған тайпалар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мемлекетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап, Шу бойындағы Қозыбасыға келіп өз хандықтарының туын тігеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-иРашиди» атты еңбегінде көрсетілгендей Қозыбасы қазіргі Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауында орналасқан. Бұл жерге қазақтар келіп ханның ордасын тігіп, туын көтерген соң «Хантау» деген атау алады. «Хан тауының» далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Кіші тағы», «Ханның оры», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» деген жер-су атаулары әлі күнге дейін халық арасында тарихи маңызын жоғалтпаған. Мәселен, әділ әрекетімен дана саясаттың арқасында ел жадында қалып, аты аңызға айналған біртума ханымыз Жәнібектің тұрақ жайы – Керегетас деген жерде болған. Күні бүгінге дейін «Хан қорасы» деп аталатын осы қасиетті мекен-жай қазіргі Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылынан – 15, Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жатыр.
Профессор М.Елеуовтің халық арасынан алған аңыздарына сүйенсек, Керей мен Жәнібек бастаған қазақтар Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшіп, қыс түсе қазіргі Мойынқұм өңіріне жеткен. Құмды қыстап шыққан ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ деп атапты. Қазақ сөзі ол уақытта өзінің руы мен тайпасынан бөлініп кеткен кез-келген еркін адамның жағдайын анықтау үшін қолданылатын. Тұлпарсаз – Шу өзенінің жағалауындағы саз. Аңыздарда Жәнібек сұлтан осы Тұлпарсазда өткен көкпарда тақымындағы көк серкені жан баласына алдырмаған шабандоз, әрі ат жалында ойнайтын адам болған көрінеді. Осыдан кейін Керей мен Жәнібек Қозыбасыға қарай көшіп бара жатқанда Бас Ақтөбеге шығады да төбе басында бір-біріне іргелес жатқан ескі қала жұртын көреді, сонда Жәнібек сұлтан тұрып: «Алла екеумізді ажырамасын деп осы ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз, біріне сіз ал екіншісіне мен қоныстанып қала салайық», деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, Алла сәтін салған күні батысқа – Түркістанға жол жүруіміз керек», депті. Аңызға қарағанда Керей мен Жәнібек сұлтан бастаған қазақтар Шудың бойында ширек ғасырдай мекендеп, жаз жайлауы Қозыбасы, Хан тауы мен Жамбыл тауларында, қыстауы Шудың бойы мен Мойынқұм болған, ал олар қоныс тепкен Шәрі мен Қойшыман үлкен қалалардың қатарына қосылған екен.
Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей Хан тауына жерленсе, Шәрі мен Қойшыаман қалаларын қалмақтар жойып жіберген. Дегенмен, М.Елеуов өзінің көп жылғы қазба жұмыстарына сүйене отырып, Шәрі қаласын Қазақ хандығының алғашқы ордасы болуы мүмкін деген тұжырымдама жасайды. Сонымен қатар, тарихшы-археолог М.Елеуов аңыздарда кездесетін Жамбыл, Хантау, Майжарылған, Қойжарылған таулары мен Сұңқар шоқысы, Мойынқұм, Арқа, Тұлпарсаз, Жыландысай, Қозыбасы сияқты жер-су атауларын экспедиция кезінде анықтап, кейін осының бәрін картаға түсірген. Осылайша Жаңа Тараз, Шәрі, Меркі, Аспара, ежелгі Баласағұн өңірінде қазақ ұлысы шаңырақ көтерді.
Қазақтың халық болып бүтінделуіне үлкен еңбек сіңірген Қасым хан (1511-1523) ежелгі қазақ жерінің негізгі аумақтарын өз қол астына қаратып, қазақ елінің орасан зор аймағын қалыптастырды. Бұл кезде оның шекарасы оңтүстікте Сырдария өңіріне, Оңтүстік Шығысында Шу, Талас сияқты өзендердің алқабына, Солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көліне, батысында Жайыққа дейін жетті. Алайда Қасым хан өлгеннен кейін басталған аласапыран кезінде Шу мен Талас өңірі Қазақ хандығын мүлдем жойылып кетуден аман сақтап қалады. Қасым ханның кезіндегі жетістіктерден айырылып қалған Тахир (1523-1533) мен Бұйдаш (1533-1537) хандардың билігі тек Талас пен Шу өңірінің аумағында ғана сақталды. Мәселен, 1537 жылы Бұқардың ханы Убайдаллах қазақтарды «орасан зор әскермен Сайрамнан Никинге дейін қуып келеді». В.П.Юдиннің пікірінше Никин деп отырғанымыз Янги (Жаңа Тараз) деген қаланың бұрмаланған атауы. Кейін осы қалашықты 1631-1634 және 1723 жылдары Сайрамға бірнеше рет жорық жасаған қалмақтар талқандап кетеді. Тіпті Тахир хан өзін қорғау үшін бұл өңірге Жатан бекінісін салады (Бұл бекініс кейбір тарихшылардың пікірі бойынша Меркі маңында салынған). Қазақ хандығын қайтадан қалпына келтіруге атсалысқан Хақназар (1535-1580), Тәуекел (1582-1598), Есім (1598-1628), Жәңгір (1628-1652) хандардың тұсында да Талас пен Шу өңірі өзінің маңызын жоғалтпады.
Мұны Әулиеатаның маңайындағы ірі суару жүйесінің қолданысқа енгізілгені дәлелдей түседі. Талас өзенінен шыққан арықтарға жаныс, ботбай, шымыр, аққойлы, қаңлы, тілеу сияқты ру аттары берілген. Яғни бұл кезде көшпенділердің отырықшылыққа өту үрдісінің жүргені және егіншілік мәдениетінің өркендеп, егін аумағының өсе түскені байқалды.
Жалпы қазақ-жоңғар соғысына қатысты ең маңызды оқиғалар мен шайқастардың Талас пен Шу өңірінде өткені белгілі. 1723 жылы қазақ жеріне басып кірген жоңғарлар Жетісу өлкесімен қатар Талас, Шу өңірлерін бірінші болып талауға түсіреді. «Қаратаудың басынан көш келеді» деген сөзден басталатын «Елім-ай» дастаны да осы Тараз өңірінен шыққан. Қазақтарды тарих сахнасынан жойылып кетуден сақтап қалу үшін батырлар мен билердің жауға берген алғашқы соққыларының бірі осы өңірде ұйымдастырылған. 1729 жылы жазда Балқаш көлінен оңтүстікке қарай 120 шақырым жердегі «Аңырақай» шайқасында басқыншыларға шешуші соққы беру үшін қазақтың жасақтары шешуші шайқас алдында Хантау мен Сұңқар тауына (кейін бұл тау Әбілхайыр тауы атанады) жиналады. Бұл таулардың бауырында «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқастың солтүстігінде Балқаш, оңтүстігінде Отар даласы, батысында Шу, шығысында Күртіге дейінгі аралықтағы бедерлі жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Шайқастың соңғы шешуші сәтінде қазақ жасақтары Итішпестің Алакөлі (Балқаштың Алакөлі емес) маңында ірі жеңіске жетеді. Балқаштан оңтүстікке қарай 120 шақырым жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Сонымен қатар, жоңғармен соғыста қазақ батырлары Талас пен Шу аймағында басқа да ірі жеңістерге жетіп отырған. Мысалға, Саңырық батыр бастаған жасақтың Талас бойын жаудан тазартудағы, әсіресе, Ақкесене мен Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі жыр-дастанға айналды.
Тарихшылар мен археологтардың зерттеуі бойынша ертеде сауда-саттық қарым-қатынас Шу өзенінің орта тұсы Көктерек елді мекені тұсымен жүрген. Сонымен қатар, бұл жолмен тарихи сын кезеңде қазақ жүздерінің басын қосу мақсатында Абылай хан да сарбаздарын бастап жүріп өткен. Сол кезден бастап, ел арасында бұл жол «Хан жолы» немесе «Абылай жолы» деп аталады. Бұл дерек ірі археолог-ғалым Әлкей Марғұлан еңбегінде де көрсетілген. Осы жол маңызды сауда-саттық жолы болды. Ақмола, Қараөткел, Қоянды, Атбасар, Қызылжар жәрмеңкелеріне бару үшін Жетісу қазақтары, қырғыздар, қытайлар осы жолды пайдаланды. Сондай-ақ, «Хан жолы» бойында ат ауыстырып, демалып, сапарларын жалғастыру үшін бекеттер жүйесі жасалынды. Ал, 1774 жылы Абылай хан өзінің ұлы Әділ сұлтанды Ұлы жүзге билеуші етіп тағайындаған кезде оған Талас аңғарынан қала салып берген.
Кенесары бастаған қазақтардың тәуелсіздік үшін жорықтарының ізі де Шу өңірінде сайрап жатыр. Ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Кенесары хан Бетпақдаланы басып өтіп, Шу бойымен оңтүстік-шығысқа қарай беттейді.
Тарихшылардың айтуы бойынша, Жетісу өлкесіне келген Кенесары Меркіге келіп, сол жердегі қоқандықтардың бекінісін шабуылдамақ болады. Осы кезде бекініс басшысы Мұхаммедәлі Кенесары ханның алдынан шығып, оған Қызылмұрын деген атақты арғымағын сыйға тартады. Осыдан кейін Меркіні жайына қалдырған Кенесары Шу бойына келіп Иткешу деген жерде қыстайды. Сол жерден Кенесары қырғыздарға үш рет жорық жасаған. Осы жорықтар барысында хан сарбаздарын бастаған қолбасшы Ағыбай батырдың Шу өзенінен өткен жері Ағыбай өткелі деп аталып кетті. Бұл өткел қазіргі Кеңес ауылы мен Бірлік ауылының орта тұсындағы Шу өзенінің бойында орналасқан.
Жалпы алғанда Талас пен Шу өңірінің қазақ хандығы кезіндегі атқарған рөлі ерекше. Оны жазып тауысу – мүмкін емес. Ең өкініштісі, сонда Қазақ хандығының құрылуы да, оның соңғы ханы Кенесарының ажал құшуы да осы өңірмен тікелей байланысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары