$ 494.87  520.65  4.91

Ассамблеяның атқарар жұмысы зор

Өткен сенбіде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Оның жұмысына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты.

Отырыс жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізіп отырды. Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен белгіленген Ассамблея жылы тарихи маңызды белестерге толы жыл болды. Қазақстандық біртектілігімізді іске асыруға бағытталған ауқымды істер атқарылды. Олар еліміздің барша түкпірлері ғана емес, шетелдерді де қамтыды, дей келіп, одан әрі ол бүгінгі кеңесте осы атаулы жылдың қорытындылары қаралатынын айтты және кеңейтілген отырысқа қатысып отырған шетелдік қонақтарды таныс­тырды. Олардың арасында Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрайымы Светлана Смирнова мен Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, әйгілі әнші Иосиф Кобзон, «Еуропадағы мәдениет арқылы – бейбітшілікке» халықаралық қауымдастығының президенті Вильгельм Аугустат бар еді.

Осыдан кейін Ералы Тоғжанов алғашқы құттықтау сөзді айту үшін кезекті Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға берді. Өзінің сөзін «Бүкіләлемдік рухани келісім күнін» Астанада атап өтуге келген қонақтарға ыстық сәлем жолдаудан баста­ған ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен атап өтіліп отырған биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы барлық өңірлердегі өзгерістерге жаңаша серпін беруде екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Елбасы ұсынған бес институттық реформа және оны іске асырудың «100 нақты қадамы» – Ұлт жоспары бойынша нақты шаралар басталғанын жет­кізді. Ең бастысы, Елбасының «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық патриот­тық идеясы қоғамның рухани діңгегіне, еліміздің тұрақты­лығы мен тұтастығының берік тұғырына айналды. «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруда біз дәс­түрлі құндылықтар, тіл және мәдениетке деген құрметті арттырып, имандылықты, отбасы құн­дылығын сақтап, сыйластық пен татулықты нығайтуды көз­деп отырмыз, деді Гүлшара Нау­шақызы.

Биылғы Ассамблея жылы оның құрылғанына 20 жыл толуы­на байланысты жарияланғанын білесіздер, деп жалғады сөзін Мемлекеттік хатшы. Ассам­блеяның өңірлердегі жұмыстары оның негізгі өзегі болып табылады. Бүгінгі күні 30 мыңнан артық іс-шаралар атқарылды. Осынау акцияларға 8,5 млн. адам тартылды. Барлық іс-шаралар «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының тұғырында атқарылды. Парламент «Мәңгілік Ел» идея­сын заңнамалық негізде бекіту үшін «Ассамблея туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қолға алды. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан елді барлық бағытта жаңғыртудың іске асырыла бастағандығының көрінісі. Заңнамаға қосылған өзгерістер «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың ең басты кілті Ассамблея екенін бекітіп береді. Сонымен қатар, Қазақстанның болашағы – біртұтас ел болуын жүзеге асырудың негізгі міндеттері де ҚХА-ға жүктелетін болады, деді Гүлшара Наушақызы.

Одан әрі ол «Үлкен ел – үлкен отбасы» шарасында да ҚХА-ның орны ерекше екендігін атады. Президенттің жанындағы «Қоғамдық келісім» ұйымының жанынан Ассамблеяның медиация орталығы ашылатын болады. Ал аймақтық ассамблеялардың жанынан медиация мектептері ашылуда. Олар түрлі кикілжіңдерді сотқа дейін еңсеру жұмыстарын атқарады. Осы жұмыстың тиімділігінің мысалына Шығыс Қазақстан облысында үстіміздегі жылдың 9 айының ішінде ғана 2 мың заң бұзушылық істің сотқа жеткізілмей шешілгенін айтуға болады, деді Мемлекеттік хатшы. Сөзінің соңында ол мемлекеттік реформалардың тиімділігіне қоғамдық қолдаудың арқасында және осы мақсаттарға азаматтарымызды барынша көп тартқанда ғана қол жеткізуге болатынын айтты. Сондықтан төмендегі міндеттердің орындалуына көңіл аударуымыз керек: Біріншіден, орталық мемлекеттік органдар басшылары мен барлық облыс­тар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдері 2016 жылға арналған осы бағыттағы жұмыс жоспарларын жасауы керек. Екіншіден, бұл жұмысқа ҚХА-ның жергілікті жерлердегі түрлі кеңестерін, Достық үйлерін және басқа да құрылымдарын белсенді түрде тарту керек. Үшін­шіден, Мәдениет және спорт министрлігіне, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдеріне Ассамблеяның жаңа міндеттерінің сарабын жасау, әлеуметтік мониторинг жүргізу және т.б. міндеттеледі.

Мемлекеттік хатшы бұлардан басқа да кейбір міндеттердің ат­қа­рылуы керектігін атап көрсетіп, сөзін аяқтады.

Одан әрі құттықтау сөз кезегі КСРО халық әртісі, Ресей Феде­ра­циясы Мемлекеттік думасының депутаты Иосиф Кобзонға берілді. Ол өзінің «Рухани келісім күнін» атап өтуге байланысты келіп отырғанын айтып, қазіргідей қиын жағдайда осындай шара өткізіп отырған Қазақстанға ризашылығын білдірді. Біздің ұлттарымыз көп, аумағымыз кең дегенмен, өкінішке қарай, бір-біріне әрдайым өзара төзімділік танытып, ортақ тіл табыса бермейді. Бізде рухани келісім форумы да жоқ. Қазақстан өзара төзімділікте қалай өмір сүрудің үлгісін көрсетіп отыр. Сондықтан мен Ассамблеяға рахметімді айтамын, деді И.Кобзон.

Одан әрі сөз Ресей халықтары Ассамблеясы қоғамдық кеңесінің төрайымы Светлана Смирноваға берілді. Біздің Ассамблея Ресей Федерациясының барлық 85 субъектісі өкілдерінің бастарын түйістіріп отыр. Соңғы санақ бойынша қазір Ресейде 193 ұлттың өкілдері тұрып жатыр. Олардың бәрі де біздің Ассамблеямызға қатысады. Сіздің Ассамблеяларыңыздың құрылғанына 20 жыл толып отыр, осы жылдарда этномәдени бірлестіктермен жұмыс істеудің тәжірибелері қалыптасты. Сон­дықтан біздің сіздерден үйре­неріміз көп. Қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін барлық қазақстандықтар қолдап отырғанын да білеміз. Біздің Ассам­блеямыздың құрылғанына 17 жыл болды, бірақ ол әлі де қоғам­дық негізде жұмыс істейді. Сон­да да біз сіздермен әріптес­тік қатынас орнатып, өза­ра ынтымақтастық орнат­тық. Болашақта бұл туралы ме­мо­рандумға қол қою ниетіміз бар. Биыл бізде ұлттық мәселелерді қарастыратын Федералдық агенттік құрылды. Ол да біздің жұмысымыздың жандана түсуіне ықпал етер деген үміттеміз, деді С.Смирнова.

Осыдан кейін құттықтау сөз айту кезегі Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевқа берілді. Ол өзінің сөзінде «Ассамблея жылында» өте көп іс-шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Тіпті, аптасына еліміздің барлық түкпірінде 100-ге жуық іс-шаралар өтіп жатады. Мен Ассамблея мүшелерінің Жеңістің 70 жылдығын атап өту шараларына белсенді қатысқанын атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жыл­дығы аясындағы шара­ларға да барлық этно-мәдени бірлестіктер белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Өздеріңізге белгілі, қазір елімізде Елбасының тапсырмасымен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары іске асырылуда. Соның «қазақстандық біртектілік» деп аталған 4-ші қадамы бойынша да біз ауқымды шаралар өткіздік. Осы істе де Ассамблея мүшелері айрықша белсенділік танытты, дей келіп, Бағлан Асаубайұлы осы отырыстың барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының 2025 жылғы мерзімге арналған жаңа тұжырымдамасының жобасы таныстырылатынын айтты. Бұл – мүлде жаңа Ассамблеяның іргетасын қалайтын жоба. Мұнда Елбасының ҚХА-ның сәуір айында болған соңғы сессиясында ұйымның алдына қойған міндеттері белгіленген, деді ол. Одан әрі Б.Майлыбаев соңғы уақыттарда атқарылған ауқымды қоғамдық шараларды атап, олардың маңызына тоқталды.

Отырыс барысында Мә­дениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚХА Төра­ға­­сының орынбасары, респуб­ликалық корей музыкалық комедия театрының директоры Л.Ни, Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков, ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.Прокопенко сөз сөйледі. Отырыс шеңберінде ҚХА Кеңесінің мүшелері ауыстырылып, жаңа мүшелер сайланды. Сондай-ақ, бірнеше адамға «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медальдары табыс етілді.

Кеңес мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы іс-шараларының жүзеге асырылу барысы мен қорытындыларын, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 2025 жылға дейін­гі даму тұжырымдамасы жобасын қарастырды.

ҚХА Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мем­ле­кеттік хатшы қоғамдағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Әлем елдеріне әркез үлгі

Светлана СМИРНОВА,

Ресей халықтары Ассамблеясы

Кеңесінің төрайымы.

Мен үшін Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Кеңесінің кеңей­тілген отырысына қатысу үлкен мәртебе. Оның үстіне, Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі басшылық жасайтын Ассамблея үшін үсті­міздегі жыл мерейтойлық болып отыр. Осы жылды Ассамблея жылы деп атаудың өзі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл Қазақстандағы әртүрлі этнос өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқандықтарынан хабар береді. Менің ойымша, тату тіршіліктің «қазақстандық моделі» көптеген елдерге үлгі бола алады. Сондықтан да мерейтойлы жылы қазақстандық әріптестеріммен араласу үлкен қуаныш. Ал екі ел Ассамблеяларының қарым-қатынасына келер болсам, бізде байланыс баяғыдан қалыптасқан. Ресей халықтары Ассамблеясына 17 жыл толса, Қазақстан халқы Ассамблеясына жиырма жыл толып отыр. Сөз реті келгенде екі ел президенттері жиі кездесулер өткізіп келе жатқандығын айта кеткен жөн. Мұның өзі елдер арасындағы достық қарым-қатынастың мығым екенін көрсетеді.

Қалтқысыз сенім жемісі

Иосиф Кобзон,

КСРО халық әртісі, Ресей Феде­ра­циясы Мемлекеттік думасының депутаты.

Қазақ­стандағы этностардың өзара тө­зімділігі баяғыдағы жеңіл айтылатын «халықтар достығы» емес, бұл өзара сенім, өзара жауапкершілік екеніне біздің көзіміз жеткен. Кеше ғана осында ТМД елдерінің басшылары жиналып, қазіргі әлемдік шиеленісті тарқатудың жолдарын талқылап кетті. Енді біз де келіп, рухани келісім мәселесін талқылағалы отырмыз. Мені Қазақстан халқының өздерінің бо­лашақтарына қалтқысыз сене­тіндіктері қызықтырады. Мұнда, тіпті, этносаралық қандай да бір кикілжіңнің иісі де жоқ. Бұл – БАҚ-тарында үнемі ұлттар мен ұлыстар достығы туралы көп айтылатын бірден-бір мемлекет. Сонымен бірге, мұнда Қазақстан халқының достығы ғана емес, әлемдік қоғамдастықтың өзара келісімі де терең насихатталады.

Қазақстан мен Ресей арасында сая­сат пен экономикада ғана емес, мәде­ниетте де жемісті ынты­мақ­­тастық, достық қарым-қатынас қалыптасқан. Қазақстан Президенті мен оның тапсырмаларын жүзеге асырып жатқандардың барлығына алғысым шексіз. Мен Ресейдің федералдық мемлекеті Қазақстан халқынан үлгі алғанын қалаймын.

Бірлік алмас асу жоқ

Людмила ХОЧИЕВА,

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Кеңесінің мүшесі.

Қазақстан халқы Ассам­блеясының жиырма жылдығына орай көптеген шаралар өткізіліп жатқаны баршаға мәлім. Ұйытқыдай ұйып отырған еліміз бүкіл әлемге өзінің бейбітсүйгіш саясатымен үлгі десем, қателеспейтінім анық. Атқарылу үстіндегі жатқан шаруалардың барлығы да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың нақты тапсырмаларынан туындайтыны тағы белгілі. Барша қазақстандықтар бір жұдырықтай болып жұмылып, жақсыға немесе қиындыққа ұйысқан отбасындай жауап қайтара алып келе жатқандығы да осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Кез келген асуларды да бір кісідей еңсеріп отырмыз. Мұны да сол татулықтың арқасы деп білемін.

Еліміздегі тыныштық халқымыздың ауызбіршілігін көрсетеді. Сол тату тірлігімізді жоғалтпау жолында бәріміз тер төгіп келеміз. Қазір әлемде әртүрлі қақтығыстар мен жанжалдар, дүрбелеңдер орын алуда. Елін тастап босқан халық. Соның барлығы біздің ұрпақтың басына түспеуі тиіс. Осы жолда әрекет ете беруіміз керек. Жалпы, елімізге ырыс келетіндей жұмыстар жасалуда. Халқымыздың ауызбіршілігі мен татулығы Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі екені күмәнсіз.

Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) маңызды рөл атқарады.  

ҚХА басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты.

2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты.

2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.

Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және дамуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне – Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi.

Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) – оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.

Сессиялар аралығындағы кезеңде ҚХА басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері енеді.

Ассамблея Төрағасының этномәдени бiрлестiктерден тағайындалатын екі орынбасары алмастыру тәртiбiмен Кеңес ұсынымы негiзiнде Президенттің өкiмiмен тағайындалады.

Ассамблеяның жұмыс органы – Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осылайша ҚХА-ның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастарға қатысуының тиімділігі қамтамасыз етіледі.

Ассамблеяның өңірлердегі құрылымдарын облыс әкімдері басқарады. Ассамблеясының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда ассамблеяларының құрамы этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінен, мемлекеттік органдар өкілдері мен қоғамдағы  абырой-беделі бар тұлғалардан құралады.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты елдегі барлық этностардың мүддесіне қорғайды. Сонымен қатар қазақстандық этникалық қоғамдастықтардың Парламентте өкілдік етуі олардың саяси партиялар арқылы өкілді органдарға тікелей қатысуы негізінде де жүзеге асырылады.

2015 жылы ҚХА-ның құрылғанына 20 жыл толады. Соған орай 2015 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды.

2015 жылғы 23 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен ҚХА ХХІІ сесиясы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев 7 жаңа міндет қойды, оны жүзеге асыру ісіне Ассамблея тікелей қатысуы тиіс. Бұлар – бүкілқазақстандық мәдениетті дамыту, халық бірлігін ортақ рухани-моральдық құндылықтар негізінде нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу,  мемлекеттік тілді және үштілді білім беруді одан әрі дамыту, транспарентті мемлекеттегі қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, этносаралық қатынастарды саясиландыруға жол бермеу, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестермен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жұмыстары.

ҚХА өзінің 20 жылдық белсенді жұмысында орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті.

Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.

Республикада еліміздің барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы - заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылатын мекеме.

Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда оның мәртебесін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекіткен Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты.

Өз тарихында Ассамблея ҚР Президенті жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті.

2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты.

2008 жылғы 20 қаңтарда еліміздің Президенті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.

Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясаты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды.

Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті  және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету.

Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және дамуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi.

Ассамблея құрылымдық жағынан Ассамблея сессияларынан, Ассамблея кеңесі мен Хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларынан тұрады.

Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) – оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.

Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері енеді.

Ассамблея Төрағасының этномәдени бiрлестiктерден тағайындалатын орынбасарлары алмастыру тәртiбiмен Кеңестiң ұсынымының негiзiнде ҚР Президентiнiң өкiмiмен тағайындалады.

Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылады. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осы тетіктер Ассамблеяның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардағы нақты әрекет етуі мен тиімділігінің негізі.

Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын - этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды.

Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар.

Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында - Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.

Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып» деп басталатын басты құжатта Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік негізі салынды. «Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» құру - Елдік мұраттың басты бағыттары болып бекітілді. Конституцияда этностық азшылық құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық өлшемдерге жауап беретін қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің құқықтық негізі қаланды. Осының негізінде, Қазақстанның мемлекеттік ұлттық саясаты қоғамдық келісім конституциялық қағидасына негізделе отырып, жалпы адамзаттық тұжырымдарға сәйкес халықтың біртұтастығын қалыптастыруға бағытталды. Толеранттылық – бұл жергілікті халықтың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі. Жалпы толеранттылық өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін байқаймыз. Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құндылық. Мұны тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдағы маңызды жетістігіміз десек артық айтқандық болмас еді. Қазақстандағы полиэтникалық қоғамда негізінен екі мәдениеттің үстемдік құрып отырғаны белгілі. Біріншісі, сөз жоқ қазақ мәдениеті. Бұдан кейінгі орында орыс мәдениеті тұр. Дәл қазір өзге ұлт өкілдерінің діні мен салт-дәстүрін жаңғыртуға барынша жағдай жасалған. Осындай ынтымақты тір¬лікке дүниежүзінің көптеген елдері қол жеткізе алмауда. Керек десеңіз, Қазақстан – Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Бүгінде кең-байтақ қазақ жерінде 11 тілде жастарға тәлім беретін мектептер жұмыс істейді. Біздің билік мұндай білім ошақтарының барлық шығындарын көтеріп отырғаны белгілі. Осыдан-ақ еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне қандай жағдай жасалғанын бағамдай беруге болады. Сондай-ақ, мұндай мектептер өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілін оқып-үйренуіне негіз болып отырғанын тілге тиек ете кетуіміз керек. Бұдан басқа ел аумағында 13 тілде түрлі радиохабарлар тарайтыны белгілі. Бұны үлкен жетістік деп айтуымызға қақымыз бар. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениеттерін дамытуда. Осы орайда 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Бүгінде бұл аталған достық шаңырағы қазақ жерінде тіршілік ететін ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосатын және аз ұлттардың мүддесін қорғайтын мекеме есебінде нәтижелі жұмыс жасауда. Қазақстандағы аз ұлттардың өкілдерінің мұқтаждығын өтеуге,  ұлтаралық қарым-қатынас аясында үйлесім орнатуға барынша жағдай жасалған. Барша ұлттардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарын қорғауға байланысты жүзеге асырылатын шаралар халықаралық стандарттарға сай және осы орайда өзге мемлекеттерге үлгі бола алатынын айта еткен жөн.  Сонымен бірге Қазақстанда жүзеге асырылып отырған ішкі саясаттың тағы бір ұтымды тұсы қазақстандықтарды түрлі діни конфессияларға деген толеранттылыққа тәрбиелеумен сабақтас. Соңғы жылдарда Республиканың түпкір-түпкірінде бой көтерген түрлі діни мекемелердің (мешіт, православие приходы, католиктердің костелы, ғибадатханалар және т.б.) жанданған құрылысы мемлекеттің өзара үйлесімді қоғамдық дамуға тиімді жағдай жасағандығын дәлелдей түседі. Өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар әлем сахнасында Қазақстанның шынайы имиджін қалыптастыруға игі ықпал жасауда. Мұны елімізге келіп, қо¬ғамдық-саяси жағдайды сараптаған саясат-танушылардың өздері де айтып жүргені белгілі. Тәуелсіздікпен бірге есейіп келе жат¬қан Ассамблея еліміз үшін үлкен мән-мағынаға ие. Бүгінде қоғамдық институтқа республика бойынша 820 мәдени орталық мүше. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі өміріміз дүниежүзіне үлкен үлгі-өне¬ге болып отырғаны даусыз. Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды сараптаған адам қазақ жерінде қандайда бір ұлтқа қатысты ксенефобиялық көзқарастың жоқ екенін бірден байқайды. Қазақ халқы Кеңес Одағы тарапынан аштық пен репрессияның тауқыметін көп тартқан ел. Бірақ біздер КСРО-ның заңды мұрагері Ресейге қарсы ешқандай өшпенділік пиғыл танытпадық. Ал басқа елдерде мұндай жағдай керісінше сипат алғанын көзіміз көрді. Іргеміздегі Ресейдің өзі әлі күнге дейін Кавказ бен Орталық Азияның кейбір халықтарына қатысты жағымсыз көзқарастан арыла алмай отыр. Өркениеттің шыңына шықты деген Францияның өзінде Ислам дініне қатысты қайшылықты көзқарастар туындап, үлкен мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Осындай жайттарды еске алғанда еліміздегі қалыптасқан толерантты қоғамның мәні мен мазмұнын жете түсіне бастайсың. Бұдан басқа Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назар-баевтың Астана төрінде әлемдік дінбасылардың құрылтайын өткізіп, төрткүл дүниедегі тәрбие мен бейбітшілікті, лаңкестікке қарсы күресті талқылау бүгінде маңызды ғаламдық іс-шараға айналып отыр. Алдағы уақытта толеранттылық біздің халқымыздың күнделікті өмірінің дағдысына, дәстүріне айналуы керек. Сондай-ақ, біздер толерантты қоғам арқылы ұлттық болмысымызды жойып алмауға баса мән берген жөн. Қайта керісінше толерантты қоғамды пайдаланып тілдік, ұлттық басымдылыққа жетудің жолдарын қарастырғанымыз абзал. Мәселен, Қазақстан халқы ассамблеясы 2008 жылы Алматы қаласындағы «Достық үйі» жанынан «Лингва» тілдерді оқыту орталығын ашуды қолға алған болатын. Осы орталықта соңғы жылдары 150-ден аса мемлекеттік тілді үйренуші әртүрлі этнос өкілдері және 50-ден аса орыс тілін үйренуші шеттен келген қандастарымыз бітіріп шықты. Үстіміздегі жылы Астана қаласында «Тілдарын» тілдерді оқыту технологияларының әдістемелік орталығы ашылды. Мұның бәрі мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған нақты істер. Сонымен қатар әр этномәдени бірлестіктің осы бағытқа арналған арнайы бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мысалы, Орыс қоғамы бірлестігі «Тіл - халық жанын танудың кілті», «Ахысқа» түрік қоғамы «Мемлекеттік тіл - менің тілім» конкурстары, өзбек орталығы «Мемлекеттік тілді білу - парызың» олимпиадасы, корей қауымдастығы «Мемлекеттік тіл - достық тілі» жастар форумы сияқты бағыттар арқылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өз этностық тобын қоғамдық белсенділікке тарту бағытында жұмыс атқарып жатыр.   Жақында Ассамблеяның кезекті сессиясында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, қазақ тілі – елімізді мекендейтін халықтарды тұтастыратын негізі құрал деп ашық айтты. Осы ретте біздер Президентке қолдау көрсетіп, қазақ тілін дамытуға өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені, қазақ мәдениеті әлемдік өркениеттің бір пұшпағы болып саналады. Келешекте мәдениетіміз адамзат өркениетінің азығына айналуы керек. Кезінде тілші ғалымдарымыз қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін жасап шығарғаны белгілі. Білген адамға бұл – үлкен байлық. Алдағы уақытта қазақ тілін дамыту үшін осы түсіндірме сөздікті қайта басып шығарсақ орынды болар еді. Сондықтан ұлттық, тілдік мәселелер өте нәзік дүние екенін естен шығармауымыз керек. Тіл – халықтың қорғаны. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар, қазақ тілінің тұғырына қонуын қоғамдық қайшылық деп қарамау керек. Өйткені, қазақ тіліне қатысты мәселе кеше-бүгін ғана туындаған жоқ. Бұл мәселе Кеңес заманында да өзектілігін жоймағаны белгілі. Сондықтан біздер толерантты қоғамға арқа сүйеп, тіл мәселесін түбегейлі шешіп алуымыз керек. Қазақстан халқы ассамблеясының V сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қоғамдық келісім - Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі. Бұл - ойдан шығарылған формула немесе саяси қалып емес, бұл - біздің ішкі саясатымыздың өзегі. Бірақ ол күн сайын нақты да көрнекті әрекеттермен толығып отыруы керек» - деп, біздің негізгі бағытымызды айқындап берген болатын. Осы орайда қоғамдық келісімнің мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі екені айқын ақиқат. Бұл үрдіске қоғам еркін таңдау жолымен қатысуы керек. Қоғамдық келісім жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы бағытты анықтау бойынша үйлесімді өзара іс-қимыл жасауының маңызы зор.   Қоғамдағы түрлі әлеуметтік және этностық топтар арасындағы және мемлекетаралық қатынастардағы келісімге қол жеткізу мәселесі - бағзы тарихтан мемлекет өміріндегі басты сұрақтардың бірі. Осы құбылыстың мәнін ашатын «консенсус» (лат. тіл. Соnsenus - келісім, ынтымақ, жарастық) термині, қоғамдық келісімнің қандай да болмасын деңгейде, саяси және әлеуметтік дамудың барлық формасында кез келген қоғам үшін қажет екенін айғақтайды. Сондықтан да қоғамдық келісімнің қалыптасу, даму және нығаюының заңдылықтары әлі талай зерттеулер мен пікірталастардың тақырыбына айналары сөзсіз. Өмірдің өзінен көріп отырғанымыздай, қоғамдық келісім маңызды саяси-идеологиялық құндылыққа айналды. Ол қоғамның жемісті экономикалық, саяси дамуының алғышарты бола отырып, ұлттық мүддемізбен терең тамырлас және оның бет-бейнесін айқындайды. Осы мәнде қарасақ, қоғамдық келісім қағидасы - мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының «қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты» сақтауды қамтамасыз ету бойынша рөлі белгіленген Қазақстан Республикасы Конституциясының сарқылмас әлеуетін аша түседі. Өз кезегінде Конституция - азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге толыққанды қатысуына және олардың саяси шешімдер қабылдауға ықпал етуіне мүмкіндік беретін қоғам дамуындағы қуатты ұйыстырушы күш. Конституцияның 11 нормасы, этносаралық қатынастар саласындағы ұлттық өлшем ретінде еліміздегі ұлысаралық қатынастарды реттейді. Онда осы саладағы заңнаманы жетілдірудің алғышарттары айқындалған. 2007 жылғы конституциялық реформалар нәтижесінде Қазақстан халқы ассамблеясы, одан сайланған депутаттар арқылы заң шығару процесіне қатысуға мүмкіндік алды. Осы арқылы қоғамдық келісім мен этносаралық келісімді және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жаңа қатынастардың дамуына жол салынды. Оның ішінде 2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңда бұған дейін этносаралық қатынастар саласында қолданылып келген терминологиялық аппарат жаңартылды. Еліміздегі ұлттық-мәдени орталықтар ресми түрде этномәдени қоғамдық бірлестіктер болып қайта тіркеуден өтті. Сонымен қатар қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің негізінде қалыптасқан Қазақстандық табыс формуласының негізгі ережелері «Қазақстанның ел бірлігі доктринасында» көрінісін тапты. Ел бірлігі доктринасында «біз бәріміз, бір Отанның ұлдары мен қыздары екендігімізді, ал біздің Тәуелсіздігіміз - сан ұрпақтың орындалмаған арманы, халқымыздың ерен еңбегінің, ерлігінің және ерік-жігерінің жемісі екендігін әрқайсымыз түсінуге тиіспіз. Тәуелсіздік пен мемлекеттігімізді дамыту - біздің басты құндылығымыз болып табылады» деп көрсетілген. Осы ұстаным тамыры тереңде жатқан, ел азаматтарын ұлы мемлекеттік мұраттарға бастайтын асқақ идеядан өрбиді. Ел ырысын еселеуді көздеген көреген саясаттың нәтижесінде елімізде экономикалық өрлеумен қатар ел бірлігі, тұрақты даму, бейбітшілік пен келісім құндылықтарының базасында жаңа қазақстандық дәстүр мен ділдің негізі жасақталды. Осы құндылықтар қоғамдық идеялогияның бастауы болды. Қоғам оны терең қабылдап - сонымен өмір кешуде. Базалық құндылықтар Қазақстан қоғамының ұйыстырушы факторына айналды.   Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақыттарда жүзеге асырылып жатқан ішкі саясат Қазақстан қоғамында ұлтаралық ынтымақтастық пен халықтар достығының көркейіп дамуына қолайды жағдай тудырды. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар отандас халықтардың шынайы достық пейілдерін паш етеді. Бір шаңырақ астында татулығы жарасып, ел тарихын жасасып жатқан жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады.   Дүниежүзінде көп ұлтты мемлекеттер баршылық. Алайда саяси-экономикалық өмір айнасындағы соңғы кездердегі дағдарыстардың салқыны көп ұлтты елдің береке-бірлігіне іріткі сала алмаған дәл Қазақстандай мемлекетті әлем бүгінде феномен ретінде қабылдайды. Қазақстан көпұлттық мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты ұстанып келеді. Мұнда әр халықтың өз мәдениеті мен дәстүрін көркейтудің мүмкіншіліктер аясы кең.   ҚР Президенті Н. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында: «Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған Қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды», – деген еді. Тәуелсіздік жылдарында өзінің серпінді күш-қуатымен әлемдік интеграцияға бет алған Қазақстан өзге мемлекеттерді қол жеткізген жетістіктерімен таң қалдыруда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары