Елордалық Мадина есімді бойжеткен дәулетті отбасынан шыққан қалталы жігітіне лайық болу үшін қарызға белшесінен батқанын айтып, мұңын шақты. Оның сөзінше, ер азаматтың ата-анасы жағдайы төмен отбасымен құда болғысы келмеген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бойжеткен жігітінің ата-анасы тек ауқатты адамдармен құдаласқысы келгенін алға тартты. Алайда қарапайым отбасынан шыққан ару сүйіктісін жоғалтып алмау үшін өзін де, өзгелерді де алдауды жөн көрген.
«Екі жылдан бері бір жігітпен кездесіп жүрмін. Оның мінезі сәл ауырлау. Бірақ өзіме ұнайды. Болашақта отбасын асырай алатын, сенімді жан деп білемін. Кей кезде қырсықтығы ұстамаса, әлемдегі ең керемет жан болып кетеді. Жігітім кезінде бір қызды шын ұнатқан екен. Алайда оның ата-анасы жағдайы төмен отбасымен құда болғысы келмегенін айтып, екеуін айырып алған. Иә, сүйгенім өте бай отбасынан шыққан. Туғалы бері қаржылай қиындық көрген емес. Мен ол жайлы бәрін білген соң, бақуатты отбасында дүниеге келмегенімді айта алмадым», - дейді бойжеткен.
Ауқатты үйдің қызы болып көріну үшін бойжеткен екі рет несие алған екен.
«Менің ата-анам ауылда тұрады. Ал мен қалада жұмыс істеймін. Бір сөзбен айтсам, жағдайымыз керемет емес. Сол себепті барынша оған лайық болуға тырыстым. Қымбат дүкендерден киініп, өз-өзіме көп мән беремін. Оған бағалы сыйлықтар жасаймын. Ол да өз кезегінде маған көңіл бөлуді ұмытпайды. Жігітім әдемі киінгенімді ұнатады. Достарының алдында менімен жүрсе, беделі артады екен. Сүйіктіме тұрмысқа шыққым келеді. Бірақ ол асығар емес. Кейде мені сүймейтіндей көрінеді. Оған лайық боламын деп екі рет несие де алдым. Жігітіме шын мәнінде ауқатты емес екенімді айтсам ба екен? Осы күнге дейін оған отбасым туралы тіс жарған емеспін», - дейді кейіпкер, жан сырын ақтарып.