Өскеменде полицейлер кәмелеттік жасқа толмаған оқушыға іздеу салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ПБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
14 мамырда сағат 20:24-те жергілікті тұрғындардың бірі полицияға 6-сыныпта оқитын 2007 жылғы қызының жоғалып кеткенін айтып, хабарласқан. Қыз осы күні сағат 13:00-де мектепке барып, ұялы телефоны мен сөмкесін қалдырып, анасының күтіп отырғанын айтқан. Бірақ, үйіне бармаған.
Полиция басқармасының барлық жеке құрамы жұмылдырылып, жасөспірімді «Дюймовочка» дүкенінің маңынан тапты.
Белгілі болғандай, сол күні кәмелеттік жасқа толмаған оқушы мектепке келіп, кезекшіден сөмкесі мен ұялы телефонын беріп жіберген. Ал, өзі қалаға қыдыруға кеткен, себебі мектепке келе жатқан кезде жолдан 5 мың теңге тауып алған.
Оның жоғалып кеткенін анасы қызын алып кету үшін мектепке келгенде бірақ білген. Осы факті бойынша уақытылы хабарламаған сынып жетекшісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Әр апта сайын 102 каналына із-түзсіз жоғалып кеткен жасөспірімдер туралы хабар түседі. 2019 жылдың басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған 37 жасөспірімге іздеу салынып, 36 жастың қайда екені анықталды.
«Егер бала үйден шығып, қайта оралмаса ата-аналарының полицияға шұғыл хабарласуын сұраймыз. Себебі, ол шұңқырға түсіп кетуі, орманда адасуы, қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Егер ата-аналары полицияға бірден келмей, бір тәуліктен кейін хабарласса, оларды міндетін дұрыс орындамағандықтары үшін жауапқа тарту туралы мәселені қозғаймыз», - деп пікір білдірді Өскемен қалалық ПБ бастығы Дәуір Ибраев.