Қала аумағындағы жасыл желектерді күтіп баптауға биыл 2 млрд. теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда 25 мың шаршы метр жерге жаздық гүл көшеттері, 70 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылыпты. Оның ішінде 1,5 аса қылқан жапырақты ағаштар. Гүлдерді 100-ден астам адам күтіп баптайды.
«Көктемде қызғалдақтың тұқымын қазып алған соң канны, хризантема сынды бір жылдық гүлдер егіледі. Орталық көшелерге әуежайдан бастап, Темірлан тас жолы, Желтоқсан, Қонаев, Бәйдібек би көшелерінің шетіне әдемі көрінуі үшін бір жылдық гүлдер егілген. Газон қала бойынша 45 гектар жерге егілген» - дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің көгалдандыру бөлімінің басшысы Сұлтанхан Ахметов.
Бүгінде запырангүл, ақсәуле, талшын, бахытгүл, райхан қаланың көркіне көрік қосып тұр. Шымқала қызғалдақтың отаны болғанымен тұқымы Польшадан жеткізіледі. Ал бұрын шетелден әкелінетін ағаштар жерсінбегендіктен, жаңа көшеттер жергілікті Қазығұрт, Сарыағаштағы тұқымбақтардан алынады. Шымкентте бұған дейін өсіп көрмеген экзотикалық гүлдер де биыл жерсіндіріліпті. Оның ішінде сириялық раушан, үнді сирені бар. Жауаптылар келер жылы қаланың гүлге көміліп қаларына сендіріп отыр.
«SN.kz» - ақпарат»