Астанада оралман келіншек орыс тілін білмегені үшін таяқ жеп, жұмыстан қуылып жатыр, деп хабарлайды «31 арна».
Төрт баласымен барар жер, басар тауы қалмаған Эльвира Қадырова қазақ жерінде өзге ұлт өкілдерінен қорлық көрдім деп жыларман. Алайда, елордадағы тәтті нан пісіретін мекеме басшылығы оралман келіншектің тәртібі нашар деген ұстанымда.
Астанадағы торт пісіретін цехта еден жуып, күнін көрген Эльвира Қадырова бір айдан бері жұмыссыз. Атажұртқа отбасымен қоныс аударған оралман әйелді мекеме басшылығы тиісті құжаттарын сұрағаны үшін жұмыстан шығарған көрінеді. Тіпті, «басшылар орыс тілін білмейсің деп менсінбей, өзгелерді айдап салып таяқ та жедім» дейді келіншек.
― Төрт адамға ұрғызды. Менің азабым өзге ұлттардан, бұл жерге азап көрем деп көшіп келгенім жоқ. Директорым орыс, иесі армян. Бұлар орыс тілін білмейтін болғасын менсінбеді, ― дейді Эльвира Қадырова.
Ұжымдағы өзге әйелдерді өзімен бірге ертіп шыққан цех директоры оралманның айтқандарын жоққа шығарып, ақталумен болды. Эльвира Қадырованы жұмыстан шығаруға орыстың тілін білмеуі емес, ұжыммен сиыспауы себеп дейді. Яғни, еден жуушы өзге әйелдерді балағаттап, төбелесіп, тіпті қол жұмсап күн бермеген көрінеді.
Келіншектің бұзықтығын құжат жүзінде дәлелдейміз деген басшылық, Эльвира Қадырованы төрт баласымен бірге мына бөлмесінен де қуып жатыр. Шиеттей бала-шағаммен қайда барам деп жыларман болған оралман әйелдің зарын тіпті тыңдағылары келмеді. Бұл баспананы уақытша тұруға бердік деген басшылар босатуын талап етіп отыр. Үлкендер осылайша үйге таласып жатқанда, сәбилер армандарын айтып, көздері жасқа толды.
Астанаға елім-жерім деп келген оралман әйел жұмыстан қуылып, құқығының тапталғанына ашулы.