$ 494.87  520.65  4.91

Төрт құбыламыз тең болса, төрт облыста Абай ескерткіші неге жоқ?

«Ұлы ақынымызды ұлықтауға бюджет қаражаты тапшы болса, асар жиып, атсалысайық!».

Тарихшы Амандық Әмірхамзин фейсбук парақшасында Қостанай қаласына Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылмағанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.

«Алдағы жылы қазақтың дана ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы келе жатыр. Құптарлық іс, қазақтың бас ақынын қалай мақтасақ та жарасады. Дегенмен, білдей бір облыс орталығы Қостанайда әлі күнге дейін ұлы ақынның ескерткіші жоқ екен», – дейді жазба авторы.

Одан әрі ол қаланың қақ төріне Пушкин ескерткішін қойғанда, Абайды қалайша ұмытып кеттік деп қынжылады. Сондай-ақ, ескерткішке орын керек болса, облыс орталығында Абай атындағы даңғыл да бар екендігін ескерткен.

«Ән айтып, өлеңдерін жатқа оқып, челленджді жалғастырғаннан гөрі, Қостанай шаһарына Абайға арналған бір зәулім ескерткіш қойсақ, бабамыз алдындағы ұрпақ аманатының орындалғаны дер едім», – дейді тарихшы.

Ал оған пікір қалдырған желі қолданушысы Жомартбек Нұрман: «Егер Қостанайда Абай хакімнің ескеткіші жоқ болса, оның орнын толтырудың орайы келіп тұр екен. Ел болып, қоғам болып, қор құрайық. Қаланың қақ ортасына ескерткіш орнатылсын. Ұлы ақынымызды ұлықтауға бюджет қаражаты тапшы болса, асар жиып, атсалысайық!» – деп отыр.

Сонымен қатар, Амандық Әмірхамзин желіге әр өңірге Абай ескерткіші орнатылған Қазақстан картасын да жүктеген. Оған қарап отырсақ, ұлы ақын мүсіні сол Қостанаймен қатар, тек Павлодар, Атырау, Манғыстау облыстарында ғана жоқ екен. Басқа облыстарда, тіпті, екі-үшеуден тұрғаны аңғарылады. Одан бөлек, бірнеше шет елдерде де тұр.

Айтпақшы, таяуда ғана Қостанай қаласының әкімдігі бастаған мемлекеттік қызметкерлер тұңғыш ғарышкер атындағы даңғылды тұңғыш президент даңғылы етуге белсене атсалысқан еді. Енді тұңғыш жазба ақынымызға да бір мүсінді қиятын шығар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары