$ 494.87  520.65  4.91

Теолог Серікжан Біләштің «уахаби» екеніне дәлел келтіріп, бірнеше «қылмысын» жайып салды (ФОТО)

"Шындығында Серікжан Біләш соншалықты кінәсіз жан ба? Елдің бәрі оған «жала жауып», түрмеге босқа отырғызды ма? Осы сұраққа жауап беріп көрейікші".

Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, ғалым-теолог Зікірия Жандарбек фейсбуктегі парақшасында Серікжан Біләштің «Мың бір сапар» атты кітабына сараптама жасап, «уахаби» бағытын ұстанатындығын бірнеше мысал келтіріп дәлелдемек болады. Сондай-ақ, «қылмыскер» деп табатынын жазады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Бұл ретте, біз теологтың жазғанын өзгеріссіз, сөзбе-сөз келтірмекпіз:

«Құрметті бауырлар! Осыған дейін Серікжан Біләш туралы бірнеше мақал жарилағаным естеріңізде шығар. Бірақ, ешбіріне құлақ асқан жан болмады. Айтыс одан ары өрши түсуде. Енді мына жазбамда Серікжан Біләш несімен кінәлі екендігін ашып көрсету керек деп шештім.

Соңғы кезде Жарқын 7-Серікжан Біләшқа қатысты айтыс-тартыс күн санап күшейіп, өзінің шарықтау шегіне жақындап келеді. Алғашында Қытайдан келген қазақтар арасын шарпыған дау, күшейе келе жалпы қазақтық сипат алып, халық арасында кәдімгідей абыржушылық туғызып отырғанына бәріміз куәміз. Бірі Серікжан Біләшті қолдаса, екінші бірі оның жасаған қылмыстарын, оның жалпы қазақ үшін қауіпті адам екендігін айтып, дәлелдерін келтіруде. Бұл даудың одан ары ушығып кетуіне кешегі күні Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарованың өзінің қорғауындағы адамның кінәсіз екендігін айтып, дабыл қағып, халықты ара түсуге шақыруы болды.

Шындығында Серікжан Біләш соншалықты кінәсіз жан ба? Елдің бәрі оған «жала жауып», түрмеге босқа отырғызды ма? Осы сұраққа жауап беріп көрейікші. Ол үшін Серікжан Біләштің әрбір әрекетіне баға беріп, оның кім екенін көздеріне шұқып көрсетіп беру керек болды.

Біріншіден, Серікжан Біләшұлы – Қытай қазақтары арасына уаххабилік идеологияны таратып, қазақтың санасын уаххабилік идеологиямен улаған, соның ықпалымен уаххабилік идеолгияның тұзағына түскендер үкімет орындарына қарсы шығып, соңында бәрі түрмеге тоғытылады. «Мен уаххаби емеспін» дейтін шығар. Оған өзінің «Мың бір сапар» атты кітабындағы мына жолдар уаххабилік ағымының өкілі екендігін толығымен дәлелдеп бере алады.

«Бақсысы жоқ, құмалақшысы жоқ қазақтың әулеті бар ма екен осы? Түген әулие, түген көріпкелдің атағын есіткенде тайлы-таяғы қалмай шұбыратын қазақты шайтан иектемей қайтсін?! Бақсысы мен балгеріне, құмалақшысына құдайдай ұйыған қазақ адаспай, кім адассын?! Бақсысы мен балгеріне нанған қотыр тайыншасын табу үшін Алланың қарғысы тиген бақсыға жүгінетін, Алланың ең жек көретін күнәсін істеуден қорықпайтын қазақ, Аллаға серік қосудан қорықпайтын қазақ құрымай, кім құрысын?! Біз Алланың кітабы бойынша талдау жасап көрелікші. Жаңағы сөз жақпайтын дүнген мен ұйғыр, сіздің айтуыңыз бойынша болғанда, сіздің жинаған ақпаратыңыз бойынша болғанда, күндіз мешітіне барып, кешке көршісінің тауығын ұрлады делік. Ал қазекең тойына жарты байлығын шашып тастап, жомарт болып, бай болып жасап, ешкімнің ала жібін аттамай, тек қана жоғалған қотыр тайы үшін бақсыға шауып барды делік. Таразыға салып өлшеңдерші. Қайсысының күнәсі ауыр екен? Көршінің ғазабына қалу дегенің Алланың азабына қалудың қасында ештеңе емес. Асса тапқан сауабынан, жиған иманынан қайырар. Ал Алланың шектеген, тыйған, Алланың ең жек көретін күнәлі ісін істеген жаңағы бақсышыл қазақтың хәлі ол дүниеде қиын болмақ! Әрине, бұл дегеніміз жаңағы тауық ұрлағанның күнәсін ақтағанымыз емес. Екеуі де күнә. Бірақ, бақсышылдың, мүшіріктің, Аллаға серік қосушының күнәсі – кешірілмейтін күнә! Мейлі жаңағы бай, ақкөңіл қазақ, жомарт қазақ, өзінің бүкіл ұлын, туыс-туғанын жалғыз өзі асырап отырсын! Ұлы ғана емес, күллі адамзатты, жер бетіндегі жеті миллиард адамды жалғыз өзі асырап, бақса да, бақсыға сенгені үшін, құмалақшыға барғаны үшін, аспан мен жердің арасын толтырардай сауапты еңбегі болса да, баратын жері тозақ болмақ! Осындай күнәдан қаш, қазағым! Алланың азабына қалдыратын күнәдан арыл, қазағым!».

Міне, осы берілген үзіндінің өзі Жарқын 7-Серікжан Біләштің кім екендігін, Қытайда қазақтар арасында қандай бағытты уағыздағанын көрсетіп тұр. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, дәстүрлі діні толығымен жоққа шығарылып, уаххаби болмасаң, тозаққа барасың деп уағыздағанын көреміз.

Сонда Серікжан Біләш кім? Уаххабист! Егерде осы бағытта қазіргі күні Қазақстанда уағыз жүргізген адам міндетті түрде жауапқа тартылады. Ал Серікжан Біләш болса, ондай уағызды талмай бірнеше жыл жүргізіп, жастардың Қытайдың билік орындарына қарсы шығуына ықпал еткен. Бұл жерде оның әрекетінен екі түрлі қылмыстық әрекетті көреміз. Біріншісі – қазақтарды дәстүрлі діні мен мәдениетінен адастырып, уаххабилік танымға өтуіне ықпал етті. Бұл – оның қазақ халқына қарсы жасаған қылмысы. Екіншісі – уаххабилік уағызбен уланған жастардың Қытай өкімет орындарына бағынбай, халифат құрмақ болған әрекеті. Мұндай әрекеттің соңы қозғалысқа ұласқан кезде кез келген өкімет қатаң шараларға баратыны анық. Қытайдағы ұлтшыл қазақ жастарының Қытайдың қауіпсіздік органдарының құрығына түсуіне Жарқын 7-Серікжан Біләш кінәлі. Бұл жерде оның бір жағынан қамауға түсіп, жазаға ұшыраған жастар алдында кінәлі екендігін көреміз. Екінші жағынан Қытай өкіметі алдында кінәлі.

Екіншіден, Қазақстанға келген соң алдымен Қытайдан келген қазақтар арасына жік түсіріп, оның соңы жалпы қазақ халқы арасына жік салды. Егерде қазақ арасындағы осы дау ұласа беретін болса, онда мұның соңы ірі қақтығысқа ұласу ықтималдығы бар.

Үшіншіден, Жарқын 7-нің ықпалымен Қытай үкімет орындары тарапынан қамалған қазақтардың сөзін сөйлеген болып, халықты адастырып, қазақтың жалғыз жанашыры Серікжан Біләш деген түсінік қалыптастыруы.

Төртіншіден, Жарқын 7-нің ықпалымен Қытайдағы түрмеге түскендер мәселесін халықаралық деңгейге дейін көтеріп, соның есебінен Қазақстан мемлекеттік органдарының әрекетсіздігін көрсетіп, абыройын түсіру болды.

Бесіншіден, Қытайдағы қазақтардың мәселесін ұйғырлармен байланыстырып, ол жақтағы қазақтардың мәселесін мүлде ауырлатуға бағытталған әрекеті болды.

Алтыншыдан, Қазақстан мемлекеті есебінен ұйғыр мемлекеттігін қалыптастыруға бағытталған әрекетін айтса болады.

Әрине, Жарқын 7-Серікжан Біләштің басқа да «Мың бір сапар» кітабындағы ұлтаралық қақтығыс тудыруға бағытталған жазбаларынан мысалдар келтіруге болар еді. Бірақ, біз бүгін осымен шектелуді дұрыс көрдік».

Теолог әзірге осы жазбасымен шектеле тұрғанмен, соншалықты атышулы Серікжан Біләш төңірегіндегі дау-дамайдың нүктесі қашан қойылары белгісіз. Белгілісі, оның мұндай «қылмыстарын» әшкерелейтін дәйекті уәждер көп жарияланып жатса да, сол жазба авторларына қарсы өре түрегелетін жақтастары да аз емес. «Көк ит көріп үреді, көп ит еріп үреді» дегендей, Серікжан Біләшті қорғап-қолпаштап шыға келетіндердің дені – не оның өзін, не қарсыластарын жыға танымайтын жұрт. Әйтеуір, кім Серікжанға қатысты «достық лебізін» сауаттылау етіп жеткізсе, «анау белгілі адам жақтап отыр ғой» деп, соның ығына жығыла салатын әдет баяғы.

Ең дұрысы, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, ғалым-теолог Зікірия Жандарбек сынды қоғамда әжептәуір салмағы бар мамандардың жеке эмоциядан ада пікірімен санасқан жөн-ау!..

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары