$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде қар барысының жойылып кету қаупі бар

Қазақ жерін мекендейтін барыстардың Қазақстан фаунасынан толығымен жойылып кету қаупі күшейіп тұр. Соңғы онжылдықтар ішінде ел аумағында тіршілік ететін ілбістердің саны едәуір қысқарып, қазір небәрі 110-130 басты құрап отыр деп дабыл қағады Қазақ географиялық қоғамының өкілдері.

Жалпы, әлемде шамамен 4500-5000 қар барысы бар. Соның 70-90-ы Ресейді, 2000-2500-і Қытайды, 150-500-і Қырғызстан аумағын, 20-50-і Өзбекстан аумағын мекендейді.

Қабыландардың азаюына түрткі болатын басты себеп – браконьерлік. Аңшылар олардың өздерін де, жемтіктерін де (аулап жейтін тұяқты аңдар) құртып жатыр. Уақыт өткен сайын тауға жайылатын үй малы көбейіп, таулы аймақтарға жолдар, спорт кешендері, курорттар мен тағы да басқа нысандар көптеп салынуда. Онда барушылардың көбеюі де тау-тасты мекен ететін бұл аңның азаюына, олардың тіршілік ететін аумағының қысқаруына әкеп соқтырады. Себебі, ілбістер адамдар көп жүретін жерлерге жоламайтын тау тағысы. Оған қоса қасқырларға құрылған тұзақтар да жығылған үстіне жұдырық болып отыр дейді экологтар.

Алексей Грачев, ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының кіші ғылыми қызметкері:

- Қар барысы, оның тіршілік жағдайлары Қазақстанда да өзге елдердегі сияқты өте аз зерттелген. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Зоология институты 2012-2014 жылдары тұңғыш рет қабыландарды мақсатты түрде зерттеумен айналысқан болатын. Ол кезде жыл сайын мемлекет бюджетінен 5 млн теңгеден бөлініп отырды. Экспедициялық зерттеулер нәтижесінде олардың мекендейтін жерлері, тіршілік ететін ортасы, қоректік базасы, сондай-ақ, жағымсыз факторлардың әсері зерттелді. Фототұзақтардың көмегімен негізгі ошақтарды мекендейтін ілбістердің саны анықталды. Соның нәтижесінде қазіргі Қазақстан жерін 110-130 барыс мекендейді деген тұжырым жасалды. Жоба іске асырылған жылдары қар барысының экологиясын мониторингтеу ісінің негізі қаланды. Алайда, қазіргі таңда мемлекет мұндай ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды тоқтатты. 2014 жылы ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бастамасымен Қазақстандағы ілбістерді сақтап қалу және зерттеу жоспары әзірленген болатын. 2015-2020 жылдарға арналған жоспарды дайындауға біз де белсенді түрде атсалыстық. Онда тау тағысын қорғауға бағытталған ісшараларға қоса, тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған-ды. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін Зоология институты жанынан Барыстарды мониторингтеу орталығы ашылды. Бірақ 2015 жылы мемлекет тарапынан қаржы бөлінген жоқ. Келер жылы жағдайдың қалай болары тағы белгісіз. Қабыландарды зерттеу ауаудай қажет және еліміз үшін өте маңыды. Осыны ескере отырып, біз Қазақ географиялық қоғамынан көмек сұрадық.

Барыс пен оның тіршілік ететін ортасын сақтап қалуға бағытталған тиімді іс-шараларды әзірлеу үшін оны ұзақ уақыт бойы мониторингтен өткізіп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. 

Мониторингтік зерттеулер еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі тауларда жүргізіледі. Алматы қаласы мен басқа ірі елді мекендерде халық санының көбеюі, үйлер мен өзге де нысандардың көптеп салынуы, инфрақұрылымдардың көптеп тартылуы, туристік нысандардың бой көтеруіне байланысты аталған аймақ зерттеу нысаны ретінде таңдап алынды. Жоғарыда атап көрсетілген факторлар барыстың мекендейтін аймақтарының қысқаруына, олардың азаюына түрткі болып отыр.

Жобаның басты мақсаты – Алматы аймағындағы тау экожүйесінің адамдар тарапынан қарқынды түрде игерілуіне байланысты қар барысы мен оның тіршілік ететін ортасының қазіргі жай-күйін бағалау және ілбістерді сақтап қалу жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Зерттеу екі кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші сатыда дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қатар, күндізгі уақытта аңдардың кездесулерін түсіруге мүмкіндік беретін автоматты бақылау камералары (фототұзақ) сынды қашықтықтан барлау тәсілдері де қолданылмақ. Екінші кезеңде спутниктік телеметрия әдісі пайдаланылады. Бірнеше қабыланға спутниктік шамшырақтар (маяк) орнатылады. Олар барыстардың мекендейтін жерлері мен ортасын онлайн режимінде бақылап отыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қар барысының экологиясына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап табылмақ.

Мағжан Сағымбаев, Қазақ географиялық қоғамының президиум мүшесі:

- Зерттеу барысында жыртқыштардың аумақтық және биотопикалық тұрғыдан таралу ерекшеліктерін, олар мекендейтін ортаның көлемі мен пайдалану сипатын, қоныс ауыстыру жағдайларын анықтау көзделіп отыр. Сонымен қатар, барыстардың түрлі тау шатқалдарында орналасу тығыздығы мен санын анықтап, өсу динамикасын бағамдау, ілбістердің тіршілігіне қауіп төндіретін негізгі қатерлі факторлар мен қоректік базаның қазіргі ахуалы анықталмақ. Атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша Іле Алатауы мен оған жапсарлас жатқан таулы жерлердегі қар барысы мен жыртқыштардың тіршілігіне қажетті экожүйелерді сақтап қалу жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Жоба шеңберіндегі зерттеу жұмыстарын ҚР БҒМ Зоология институтының қар барысын зерттеу және бақылау саласында көп жылдық тәжірибесі бар білікті ғылыми қызметкерлері, териолог-мамандар тобы жүргізеді. 

Аталған зерттеу жұмыстары ілбісті тиімді қорғауды ұйымдастыру үшін аса қажет. Зерттеу нәтижелері сараланғаннан кейін дайындалған ұсыныстар шешім қабылдау үшін барлық мүдделі министрліктер мен ведомстволарға беріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары