Елімізде жаңа көліктер сатып алушылардың саны ай санап азайып барады. Ағымдағы жылдың қараша айында республика бойынша барлығы 6368 дана автомобиль сатылса, қазанда бұл көрсеткіш 7590 дана болған еді. Яғни, бір айда сатылым 16,1 пайызға төмендеген деп жазады Zakon.kz Қазақстандық көлік бизнесі ассоциациасына сілтеме жасап.
Жалпы, жыл басынан бері елдегі автосалондар барлығы 91050 дана көлік сатыпты. Бұл өткен жылдың қаңтар-қараша айларымен салыстырғанда 39,5 пайызға төмен (2014 жылдың қаңтар-қараша айларында 150497 дана).
Жаңа көліктерге деген сұраныстың бұлайша төмендеп кетуі - теңге бағамының құлдырауынан дейді сарапшылар. Қараша айының екінші онкүндігінде ұлттық валюта 10 пайызға девальвацияланды.
Мамандардың айтуынша, егер Үкімет қазақстандық несиелеу бағдарламасын іске қоспағанда нарықтағы жалпы жағдай бұдан да ауыр болатын еді. 4 пайыздық автонесиелердің арқасында отандық көлік шығарушылар тығырықтан әзер дегенде шыққан.
Ал, желтоқсан айының соңында дилерлердің жасайтын жаңажылдық жеңілдіктері мен несиелеу бағдарламасының қайта жандануы көлік сатылымын өсіреді деп күтілуде.