$ 448.89  477.93  4.76

Біздің әншілердің азаматтық позициясы жоқ па?

Ресейлік рок-әнші Юрий Шевчуктың кезінде Чешенстанда соғыс болып жатқанда басын оққа тігіп сарбаздардың арасына барып, бірнеше күн концерт бергенін білуші едім. Концерт беріп қана қоймай, бірнеше минуттық бейнеролик жасапты. Шевчук «Мен әншімін, саясат пен соғысқа араласпаймын» деп Мәскеудегі жылы пәтерінде жатып алса да, ешкім жазғырмас еді. Ақшадан да кенде емес, жылдың он екі айында гастрольдік сапарда жүреді. Бірақ әнші азаматтық ұстанымына адал әнші олай етпеген. Ресей үкіметін соғысқұмарлығы үшін ашық айыптап, чешен сарбаздарының алдында да, орыстардың алдында да ән шырқаған. Шевчуктың ерлігіне, адамгершілігіне риза болған сарбаздардың бірде-біреуі оған қару кеземепті. «Ютюб»-тан Юрийдің котелокты тықырлатып ас ішіп отырған кір-қожалақ күйін көріп, қиын кезеңде сарбаздардың рухын көтере білгені үшін риза болдым. Кейін анықталғандай, Шевчук бейнекамераға түсірген 20 сарбаздың 19-ы оққа ұшып, тек біреуі ғана үйіне оралыпты. 

Ресейдің Украинаға қатысты ұстанымын айыптаған әншілер, өнер қайраткерлері көп болды. Арасында тағы да сол Макаревичтер бар.

Буба – Вахтанг Кикабидзенің азаматтық ерлігі есіме түсі отыр. Сонау тоқсаныншы жылдары Тбилисидің көшелерін танкілер таптап, жауған оқтың астында қалған. Сол кезде сүйікті Грузиясын тастап кетпеген Кикабидзе кейінірек бір журналистке берген сұхбатында былай дейді:

– Иә, мені көптеген елдердегі достарым көшіп келуге шақырғаны рас. Бірақ мен кетіп қалсам не болмақ?! Онда грузиндер тіпті абдырап қалар еді. «Бубаның өзі бас сауғалап кетсе, онда мен де табанымды жалтыратайын» деуі әбден мүмкін ғой. Туған елі қиын жағдайға ұшыраған кезде атақты адам халқының жанынан табылуға тиіс,– дейді. Кикабидзедей ұл тудырған грузиндер неткен бақытты!

 Сол Буба кейін Ресей әскері Грузияға басып кіргенде, орыс үкіметі ұсынған «Достық» орденін алудан бас тартып, Мәскеуге бармай қалды. Елінің намысы үшін Кобзон, Лещенко сынды орыс әнші достарымен де ат құйрығын кесті. Міне, әнші һәм актер Кикабидзенің азаматтық ұстанымның беріктігінің бір мысалы.

Ал, біздің әншілер азаматтық ұстанымына қаншалықты берік? Тіпті, оларда азаматтық ұстаным бар ма? Қазақ әншілері «азаматтық ұстаным!» деген ұғымнан хабардар ма өзі?!

Ауызды қу шөппен сүртпейік. Омбыда орысша сөйлемей, қазақша сөйлеп, қазақша ән айтқан  Қайрат Нұртасты азаматтық ұстанымы бар әнші деуге болады.  «Пушкин-Құрманғазы» коллажына қатысты қоғамды шулатқан ау кезінде өзіндік ұстанымын ашық білдірген Сәкен Майғазиевтің ісі де мақтауға тұрарлық. Алайда, «Ресей әншілерімен бір сахнада өлең айту бала кезден арманым болатын. Алдағы уақытта Ресей сахнасын бағындырғым келеді» деп сұхбат беріп жүрген Димаш Құдайбергенов сияқтылардың қарасы олардан әлдеқайда көп. Мысалы, ресейлік әншілермен дуэт құрғанына мәз болып жүрген Мақпал Исабекова да Ресей сахнасын бағындыруды мақсат тұтқандардың бірі еді. Бірақ, аптығы басылып, өз еліне қайтып келді.

Әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың сөзіне құлақ түрелік. Бінеше жыл бұрын Жаңаөзенде болған қанды оқиғадан кейін іле-шала баспасөзде оның сұхбаты жарық көрді. «Елдің қамын ойлайтын екі адам болса, соның бірі мен шығармын» деген тақырыппен. Осы сұхбатта Қоразбаев:

– ...Ол жақта адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп жатыр екен, жанып кеткен, тоналып, қирап қалғанның бәрі біртіндеп қалпына келіп жатыр... Мұндай іске құба-құп! Енді мен саясаткер емеспін ғой, саясаттан аулақпын. ... Сізге айтайын, мен тек Жаңаөзен туралы ғана емес, жалпы жаманшылық туралы ән жазғым келмейді енді. Кезінде жазылды, жаздым. Бүгінде жылаңқы әндердің қажеті жоқ, – деп жауап беріпті.

«Елдің қамын ойлайтын екі адамның біреуі», талай жас буын аға тұтып жүрген Қоразбаев осылай десе, басқа әншілерге не жорық?! «Жылаңқы әндерді қажетсінбейтіндей», қазір жұрттың бәрі аузынан ақ май ағып, мейманасы тасып отыр ма?! Оны айтасыз, кейбір пайғамбар жасына жеткен аға буын әнші-композиторлар жылар жатқан жұрттың көз жасын сүртудің орнына, оларды жазғыруға дейін барды.

Біз Жаңаөзен оқиғасы үшін ешкімді кінәлағалы отырған жоқпыз. Тек, үнемі халықтың назарында жүретін, сұхбат сайын «халқым, елім, қазағым» деген асқақ сөздерді жиі айтатын «халықшыл» әншілердің Жаңаөзен халқын жұбататын жарты ауыз сөз жылы сөздерін аяп қалғанына қарнымыз ашады. Жайшылықта мұнайлы өңірдің той-томалағына барғыштап, қалталы компаниялардың «корпоративка»-сынанан қалмайтын әншілер бір рет ат ізін салуға жарамағаны өкінішті. Ең болмаса бір концерт беріп «Біз сіздермен біргеміз» десе, бүкіл ел төбелеріне көтерер еді ғой оларды.

Жоқ, ондай азаматтық істі көре алмадық. Себебі, біздің әншілер «саясатпен айналыспайды...» Олардың халықшылдығы көгілдір экранда көсіліп сөз сөйлеп, шешіліп шешенсумен ғана шектеледі екен. Ал, олардан шетелдегі Шевчук, Кикабидзелердің ірілігін күту қиындау шаруа.

P.S. Құдай бетін аулақ қылсын, алда-жалда ел басына күн туа қалса, біздің әншілер «Жоқ, мен сарбаз емеспін, әншімін...» деп жауап бере ме екен?!

Нұртөре САМАРҚАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары