$ 498.34  519.72  4.85

Түркістанда өз отбасын түгел атып тастаған ер азамат қайтыс болды

Түркістандағы ауруханада өз отбасын түгел атып тастап, кейін өзіне қол жұмсаған 30 жастағы Мұхамеджан Исраилов қайтыс болды деп хабарлайды "Экспресс К" газеті. Аталған жайттан күдіктінің әйелі мен қызы және екі інісі қаза тапқан еді.

Қанды оқиға биыл 10 қазанда Түркістанда орын алған еді. Отағасы үйіне травматикалық тапаншамен келіп, өз анасын, әйелін, екі баласын, екі інісін атып тастап, артынша өзіне де қол салған болатын. Дәрігерлер сол кезде күдіктінің өзін, анасы мен қызын құтқарып қала алған. Ал, отбасының өзге мүшелері сол жерде көз жұмды.

Мұхамеджан Исраилов болса 2,5 айдай ауруханада ес-түссіз жатты. Кешегі дүйсенбіде ол көз жұмды деп хабарлады дәрігерлер.

Өз-өзіне оқ атқаннан кейін күдікті бірден есін жоғалтпаған. Ол полицейлермен сөйлесіп, қылмысты өзі жасағанын мойындапты. Оқиға орнынан тәртіп сақшылары «Стриммер» маркалы тапанша мен 3 гильза және 2 оқ-дәрі, спорттық кіртас пен электрошокер тауып, тәркілеп алған. Полицейлер осынау қылмысты отағасы емес, сырттағы біреудің жасауы да мүмкін деген болжамды зерттеп көрді.

"Алайда, мұндай болжам шындыққа еш жанаспады. Өйткені, есікті бұзып ашу, сырттан ену іздері мүлдем жоқ. Бұл отбасы қарапайым болған, үйдегі аз да болса бар бағалы бұйымдар түртілмеген. Сондықтан біз қанды оқиғаға үй иесінің қатысы бар деген нұсқаға тоқталдық. Ол бұл әрекетін қызғаныштан жасаған. Исраилов 7 жыл бұрын отасқан әйелінің көңілдесі бар екенін біліп қойған. Үйіне келе салып алдымен әйелін атып тастаған. Мұнан кейін көзіне түскен ұлы мен қызын өзінен туылмаған деп ойлап, оларға да оқ жаудырған. Ал, бауырлары мен анасын далбасалап атқан" дейді ОҚО ІІД Тергеу басқармасының басшысы Нұриддин Дауылбаев.

Мұхамеджан Исраилов шетелден көлік тасымалдап сатумен айналысқан. Алайда, соңғы уақытта оның ісі жүрмей, қарызға белшеден батқан көрінеді. Осынау проблема салдарынан үйінде де жиі ұрыс-керіс орын алыпты.

"Әйелі оған 2 миллион теңге қарыз тауып әкеліп берген. Алайда, кейінірек бұл ақшаны ол көңілдесінен алғаны белгілі болады. Ашуға булыққан Исраилов бүкіл туғанын және өзін өлтірмек болған. Біз күдіктінің ақыл-есінің деңгейін тексере алмадық, өйткені ол ауруханада есін жоғалтып, сол күйі өзіне келген жоқ. Оның қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс те тоқтатылды" дейді полковник Дауылбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары