$ 498.34  519.72  4.85

Прокуратура Ақтөбе облысы денсаулық сақтау саласының былыққа белшеден батқанын анықтады

Ақтөбе облыстық прокуратурасы өңірдің денсаулық сақтау саласында орын алған біраз былықтың бетін ашты деп хабарлайды Sn.kz. Журналистермен кездесу өткізген облыстық прокуратураның басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов дәл осы ақ халаттылардың салғырттығынан жуырда ғана жасөспірім баланың ауыр науқастан көз жұмғанын да айтты.

Ақтөбе облысы Алға ауданында ыстығы көтеріліп, кеуде тұсы ауырған баланы дәрігерлер нақты диагнозын таба алмай, үйіне қайтарып жіберген. Баласының қызуы түспей, жағдайы уақыт өткен сайын әлсіреп бара жатқанын көрген шарасыз ана аудандық ауруханаға бірнеше мәрте барады. Алайда еш нәтиже шығара алмаған. Ақырында облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағымданып, Астана қаласына бару мүмкіндігіне ие болады. Елордалық дәрігерлер баланың ақ қан ауруына шалдыққанын анықтап, емдеуді қолға алғанымен, 11 жастағы жасөспірім бала қайтыс болған.

Жалпы, облыстағы денсаулық сақтау саласының мамандары бұдан өзге де көптеген былыққа белшеден батқан көрінеді. Маратбек Мырзамұратовтың айтуынша, жыл сайын медициналық қызметтің сапасына қатысты шағым көбейіп кеткен. Мәселен, 2013 жылы заңбұзушылықтар туралы 24 дерек тікелсе, 2014 жылы — 48, 2015 жылы — 61 дерек орын алыпты.

Облыстағы денсаулық сақтау мекемелері арасында тегін көрсетілетін медициналық көмектің орнына ақылы түрде қызмет көрсету дерегі жиі орын алған. Мәселен, Әйтеке би ауданында тегін медициналық көмек көрсету үшін барлығы 6,1 миллион теңге бөлінген. Емдеу мекемесі денсаулық сақтау басқармасына барлық қаражаттың толық игерілгенін көрсетіп, есеп береді. Алайда, тексеру нәтижесінде дүниеден өтіп кеткен он адамның тізімде көрсетілгені анықталған.

Қаладағы №3 емханада да осындай оқиға орын алып отыр. Жалпы, осы емханаға қатысты арыз-шағымдар көп түскен. Оның ішінде дәрігерлер қан сараптамасын жасау, ультра дыбыстық зерттеу, В, С гепатиті бойынша сараптама жүргізу секілді тегін қызмет түрлерін ақылы түрде көрсеткен.

Ал, Шалқар ауданында тегін берілетін дәрі-дәрмекке қатысты 12 дерек тіркелген. Шағымданушылар бірнеше рет тегін дәріні алмақ болғанымен, емдеу мекемелері оларды «дәрі жоқ» деген сылтаумен кері қайтарған.

Хромтау ауданында бронхы демікпесімен ауыратын екі адам жыл бойы тегін берілетін дәрі-дәрмекті сатып алып келген. Қазіргі күні осы деректер бойынша іс қаралып жатыр.

Жалпы тегін көрсетілетін медициналық қызметке қатысты 208 дерек тіркелген. Оның ішінде 49 дерек Ақтөбе қаласына байланысты. Сондай-ақ, облыстық прокуратура биыл барлығы 38 тексеру жұмысын жүргізіп, 369 заңбұзушылықты анықтап, жойған. Ал, 51 заңбұзушылық дерегі бойынша ұсыныс қаралып, 1 арыз қанағаттандырылған және екі дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

— Тексеру жұмыстары кезіне түрлі заңбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде нақты диагноз қоймау, тегін көрсетілетін көмектің орнына ақылы түрде қызмет көрсету секілді деректер жиі тіркелді. Мәселен, Мұғалжар ауданында дәрігерлердің салғырттығынан оқушылар туберкулез ауруын жұқтырған. Қазіргі күні қылмыстық іс қозғалып ішкі істер огандарының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүрігізіп жатыр. Кінәлілер анықталады, — деді баспасөз брифингінде Маратбек Мырзамұратов.

А.ДИМАШ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары