Жанармай алуға талондарды ұрлау фактілері «Қазмұнайгаз Өнімдері» ЖШС-де анықталды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазір Департаменттің экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі «Қазмұнайгаз Өнімдері» ЖШС арызына сәйкес ҚР Қылмыс Кодексінің 190 бабының 4 тармағы бойынша жанар-жағармай материалдарын жымқырды деген фактпен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Қазмұнайгаз Өнімдері» ЖШС қауіпсіздік қызметімен жүргізілген тексеру барысында компанияның бөлім қызметкерлерінің тарапынан жалған жеке тұлғаларға АИ-95, АИ-92, АИ-80 және дизельді отынға талондардың шығарылғаны анықталды. Бұл жалған әрекет үшін іс жүзінде төлемдер жүргізілмей, бухгалтерлік есеп те бұрмаланған.
АҚ «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының еншілес компаниясы болып табылған бұл компанияға келген шығынның алдын-ала көлемі 1,8 млрд теңгені құрап отыр.
Қазіргі таңда қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтауға байланысты сараптамалық тексерулер, жедел тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бұқараға ашық жарияланады.