$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбедегі кітапхана директоры Гарри Поттер туралы кітаптарды қазақшаға аударып жатыр

Ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің Гарри Поттер туралы кітаптарын қазақша оқитын кез де алыс емес. Ақтөбедегі балалар кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина аталған жинақты ана тілімізге аударып жатқан көрінеді.

«Қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің жетіспеушілігі - біздің басты проблемамыз. Кітаптардың барлығы орыс тілінде. Өзіміз тағы балалар кітап оқымайды дейміз. Шындығында, олар кітап іздеп келеді, бірақ ана тілінде кітап жоқ», — дейді Г.Қалдина.

Оның айтуынша, кітапханаға келетін балалардың көпшілігі сиқыршы туралы қазақ тілінде жазылған шығармалар іздейді екен. Жазушылар одағынан қайыр болмағандықтан мекеме директоры сиқыршы бала Гарри Поттер туралы кітапты өзі аударуға кірісіп кетіпті.

«Аударуды бастап қойдым, бастауы жаман емес секілді. Егер алдағы уақытта қолдау болып жатса аудармаларымды кітап етіп басып шығарамын. Ал, егер ешкім демеушілік көрсетпесе одан трагедия жасамаймыз, әрине. Балалар ақ қағазға жазылған нұсқасын да оқи береді», — дейді бас кітапханашы.

Гүлжайнар Қалдина шығарманың авторлық құқық мәселесін қалай шешерін әлі ойланбапты. Дегенмен, тығырықтан шығудың кез-келген уақытта жолы бар дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары