Оқиға өткен жылдың қыркүйек айында Отырар ауданында орын алған. Полицияға арызданған 50 жастағы жергілікті тұрғын үйінен алтын мен ақша сақталып тұрған үлкен сейфтың ұрланғандығын айтып шағымданған болатын.
Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер күдіктілердің терезе арқылы кіргендігін анықтады. Жәбірленушінің айтуынша, сейф ішінде 25 мың АҚШ доллары мен құны 4 миллион теңге болатын алтын бұйымдар болған.
Қылмысты ашу мақсатында полицейлер біраз уақыт іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдіктілердің шеттен келгені, яғни Сарыағаш ауданының тұрғындары екені анықталып отыр. Мұнан кейін дереу ұстау операциясы жүргізіліп, тәртіп сақшылары 1992 және 1993 жылы туған күдіктілерді қолға түсірді. Ұсталғандардың екеуі де бұрын сотты болған.
Бостандықта болған уақыт ішінде күдіктілер ұрлаған дүниелерінің жартысынан көбін жұмсап үлгеріпті. Олар алдымен «Ваз-21014» көлігін сатып алып, қалған ақшаны өзге де керек-жараққа жұмсаған.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынған. Ал, қалған қаражат иесіне қайтарылған болатын. Күні кеше аталған іс бойынша сот процесі аяқталып, судья күдікті деп танылған екі азаматтың қылмыстарын дәлелдеді және олардың әрқайсысын 6 жылдан бас бостандықтарынан айырды.