Астанада Медициналық университеттің 6-шы курс студенті 23 жастағы Ерасыл Әубәкіров жоғалып кетті. Бұл ақпаратты әлеуметтік желілерде Ерасылдың досы Диас таратуда деп жазады Tengrinews.kz.
"3 ақпан күні кешкі сағат 18:00 шамасында үйден шығып кетті (Сарыарқа-Сейфуллин), өз жұмыстарыммен кеттім деді (жұмысына, қызына, достарына емес). Барлығын тексердік. Шамалауымызша, сол жағалауға қарай жол жүрген. Үйге оралған жоқ. Телефоны сөндірулі. Бүгін емтихан бола тұра оқу орнына келген жоқ. Өзі дайындалып жүрген. Үстінде қою көк түсті курткасы мен басында қара бас киімі бар. Бойы 175-180 см. Салмағы 70-75 келі. Спорттық дене-бітімімен" делінген Диастың таратқан хабарламасында.
Оның айтуынша, Ерасыл медуниверситетте интерн-хирург. Оқудың үздігі, университет белсендісі, әнші. Жаман әдеттерден аулақ. Оның бұлайша хабар-ошарсыз кетіп қалуы бұрын-соңды болмаған дейді ол.
Бүгін Ерасыл табылмаса оның достары мен еріктілер іздеу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, бұл жайттан полиция да хабардар, Ерасылдың туыстары ішкі істер органдарына арыз түсірген. Тәртіп сақшылары студентті кешеден бері іздестіріп жатыр.