$ 444.14  477.05  4.85

Мұрат Тәнкеев жазасын қоныс колониясында өтейтін болды

Көлігімен 4 бірдей адамды өлтірген шымкенттік Мұрат Тәнкеев 9 жылға бас бостандығынан айрылды деп хабарлайды SN.KZ. Алайда, айыпты осынау жазасын түрмеде емес, қоныс колониясында өтейтін болады.

Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты Тәнкеевке қатысты осындай үкім шығарды. Айыпты сондай-ақ, 4 жылға көлік жүргізу құқығынан да айрылып отыр. Ал, судья жәбірленуші тараптың шағымында көрсетілген материалдық шығынды өтеу талабын қанағаттандырған жоқ. Тек моральдық шығын үшін Тәнкеевтің туыстары 1,5 миллион теңге төлейтін болады.

Естеріңізге салайық, өткен жылдың 22 қарашасы күні Мұрат Тәнкеев "Лексус" көлігімен жолдың қарсы бағытына шығып, жоғары жылдамдықпен "Ауди 80" көлігіне соқтығысқан болатын. Салдарынан "Аудиде" болған төрт адам көз жұмды. Олардың арасында 1 және 5 жастағы екі сәби де бар еді, марқұмдардың барлығы бір отбасының мүшелері.

Оқиғадан кейін жүргізілген сот-медициналық сараптама Мұрат Тәнкеевтің көлікті мас күйде жүргізгендігін анықтады.

Бүгін таңертең өткен сот отырысында прокурор судьядан айыптыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуін сұраған болатын. Алайда, түстен кейін өткен соңғы отырыста судья Тәнкеевке "жеңілдік жасап", оны толықтай бас бостандығынан айырған жоқ, яғни 9 жылдық жазасын қоныс колониясында өтеуге үкім шығарды.

Соттың бұл шешімімен жәбірленуші тарап келіспейтідігін айтып отыр. Олар енді жоғары инстанцияларға арызданбақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары