Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың халық алдында есеп бергені белгілі. Аталған жиын барысында әкім есебін тыңдауға келген Шымкент тұрғындарының бірі "полицейлер ағамның өлтіргендерді сол күйі тапқан жоқ" деп арызданған болатын. Осы жайтқа байланысты ОҚО ІІД ресми мәлімдеме жасады деп хабарлайды Sn.kz.
Айтулы жиында Бейбіт Бәкірұлы баяндама жасап болған соң тұрғындар кезегімен сұрақ қоя бастаған. Осы сұрақ-жауаптың соңында өзіне микрофон жетпеген әйел дауыс көтеріп, әкімді кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып алды. Шағымданушының айтуынша, 2013 жылы белгісіз біреулер оның ағасын өлтіріп кеткен көрінеді. Алайда, үш жылдай уақыт өтсе де полицейлер қылмысты ашпай отыр дейді ол.
Әйелдің мұңын тыңдағаннан кейін Б.Атамқұлов ішкі істер департаментінің өкілдеріне мәселені тез арада шешуін тапсырған. Полицейлер де көп күттірген жоқ. Бүгін ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі осы істің мән-жайын баяндап берді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, 2013 жылдың 21 ақпанында Сайрам ауданы Ақсукент ауылында 1969 жылы туған Г.Әлімбетовтың мәйіті табылған. Марқұм сол күні өз таныстарымен бірге ауылдағы дәмханалардың бірінде спирттік ішімдік ішіпті. Мас болып далаға шыққан ол қар үстінде ұйықтап қалған. Салдарынан денесін үсік шалып, сол жерде көз жұмыпты. Қылмыстың белгілері болмағандықтан полицейлер қозғалған қылмыстық істі тоқтатқандарын айтады. Алайда, туыстарының арыздануынан кейін марқұмның мәйітіне эксгумация жасалып, үш рет тексеру жүргізілген. Тіпті, Астанадағы сот-медициналық сараптама да ер азаматтың үсіп өлгенін растаған.