Кеше Ақордадағы мерекелік кездесуге қатысып, Елбасы айтқан аңыз-әңгімеден кейін егіліп жылағандардың қатарында танымал әнші Тамара Асар да бар тұғын. Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында ол көзінен шыққан жастың ешқандай жасанды болмағанын, ана туралы хикая расымен де жүрегін елжіреткенін айтты.
Естеріңізге салайық, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев 25 әйелдің басын Ақордада қосып, оларды төл мерекесімен құттықтаған болатын. Жиын барысында Мемлекет басшысы ана мен бала арасындағы махаббатты баяндайтын көне аңыздардың бірін айтып берген. Әбден ескірген хикаяны алғаш рет тыңдағап отырғандай болған бірнеше қыз-келіншек сол жерде көздеріне жас алып, егіліп жылады. Мұнан кейін әлеуметтік желілерде интернет пайдаланушылары оларды симулянт деп айыптап, күлкіге айналдырған еді. Сол жылағандардың қатарында болған Тамара Асар анасы есіне түсіп, көзіне жастың еріксіз келгендігін айтады.
"Мен бұл аңызбен өскенмін. Әр тыңдаған сайын жүрегім шымырлайды. Өйткені, мен үшін АНА сөзі өте қасиетті. Айналамдағылар мені өте мықты әйел деп есептейтінін білемін. Бірақ, олай емес. Негізі мен емес, менің анам мықты. Оның мықтылығы сол, ол тек туып, өсіріп қана қойған жоқ, ол мені нағыз адам етіп тәрбиелеп өсірді" дейді әнші ағынан жарылып.
Танымал журналист, Тамара Асардың құрбысы Айгүл Мүкей де әншінің жасы жасандылық болмағанын айтып отыр. Ол өзінің Instagram-парақшасында Тамараның өзі де, анасы да тағдырлары ауыр адамдар болғанын, бірақ сол қиындықтарды жеңіп шыққанын жазды. Ал, Тамараның өзі болса Елбасы алдында тек өзі ғана емес, жиынға келген 25 әйелдің барлығы жылағанын жеткізді.
"Бұл қарапайым көз жасы ғана. Мен ол жерде жалғыз өзім жылаған жоқпын, сонда отырған 25 әйелдің барлығы көздеріне жас алды. Мұнда ешқандай әртістік жоқ. Егер талқылап жатса, демек, олар өздерінің көз жасын қоғамнан жасырады. Ал, мен жасыра алмаймын. Мені сөз еткен адамдар көреалмаушылықпен қарайды деп ойлаймын. Сондықтан, оған алаңдамаймын. Бастысы, менің көз жасым жүректен шықты" деп атап өтті Тамара асар.