Ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Жамбыл облысындағы автожол бойында орналасқан дәретханаға жас әйел жаңа туған сәбиін тастап кеткен болатын. Абырой болғанда, кездейсоқ жолаушылардың бірі нәрестені көріп қалып, оқиға орнына келген құтқарушылар оның өмірін сақтап қала алды. Бүгінде қыз бала Тараз қаласындағы "Үміт" балалар үйіне орналастырылған деп жазады Tengrinews.kz.
Мекеме қызметкерлері сәбидің денсаулығында ешқандай ақаудың жоқ екенін айтып отыр. Бір сағаттай дәретханада жатып қалғанына қарамастан бұл фактор оның хал-жағдайына әсер етпеген. Әзірге оны асырап аламын деушілер болғанымен, сот шешімінсіз қыз бала ешкімге берілмейді.
"Сәбидің жағдайы жақсы, тамақты жақсы жейді. 2,5 айлық, дамуы бірқалыпты, ешқандай ауытқушылық жоқ. Қаңтар айында даладағы дәретханада жатып қалуы оның халіне еш зиянын тигізбеді" дейді балалар үйінің өкілдері. Олардың айтуынша, осы күнге дейін нәрестенің не анасы, не әжесі орталыққа келіп, балаларының жағдайын сұрамаған.
Естеріңізге салайық, аталған оқиға "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолының бойында, Абай ауылына жақын жерде орын алған болатын. Полицейлер көп ұзамай тастанды сәбидің анасын ұстады. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты, бұған дейін бір рет босанған. Ал, сәбиге Жансая деген есім беріліп отыр. Енді оның тағдырын сот шешеді. Егер судья оның анасын аналық құқынан айырып, биологиялық әкесі қыздан бас тартса, Жансая асырап алуға тілек білдірген 100 отбасының біріне беріледі.