$ 449.58  486.94  4.86

Семей әкімі өз қызметкерлері үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрады

Семей қаласының әкімі Ермак Салимов қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Серғазиновпен бірге шаһардың су алған аймақтарын жаяу аралап қайтты. Жағдайдың тым ушығып кеткенін көрген қала басшысы жағасын ұстап, құзырлы мамандардың жұмысын сынға алды.

"Біздің қалада орын алған жағдайға ең алдымен сіздердің (ТКШ бөлімі) жауапты екендеріңізді айтқым келеді. Көріп тұрсыздар, бұл - төтенше жағдай, сондықтан шұғыл шаралар қолға алынуы керек. Қызметкерлеріңіз күніне 8 сағат емес, 24 сағат жұмыс істеуі тиіс, ауысып. Қосымша техника қажет. Жағдайды қолға алыңыздар, әйтпесе бүкіл қаланы су алады" деді әкім кездесу барысында.

Қала көшелеріндегі тізеге жеткен су әкімді тығырыққа тіресе керек, ол өз қызметкерлері үшін жергілікті тұрғындардан кешірім де сұрады.

"Жолға қойылмаған жұмысымыз үшін жергілікті халықтан кешірім сұраймын. Біз міндетті түрде нәтиже шығарамыз. Жағдайдың бұлайша өршіп кетуіне тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің дұрыс жұмыс істемеуі себеп болып отыр. Өзінің міндетін бөлім қызметкерлері сапалы атқармаған. Бүгін таңертең ерте шығып жұмыс істеуі тиіс техникалар әлі жоқ, жұмысқа шықпаған. Сағат 9-10 шамасында ғана гараждан шығады. Бұл дұрыс емес. Жұмысты ерте аяқтайды, бірақ кеш шығады таңертең. Мына судың мөлшерімен салыстырғанда ол техниканың өзі жеткіліксіз. Қосымша көліктерді тарту керек. Ол үшін бюджетте қаражат қарастырылған. ТКШ бөлімінің жұмысы міне, осындай" деді қала әкімі.

Айта кетейік, күннің күрт жылынуына байланысты еліміздің солтүстік, орталық, батыс және шығыс облыстарында су тасқындары орын ала бастады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары