$ 442.05  474.14  4.74

"Гүлжанар қайтыс боларын алдын ала сезгендей еді" - актрисаның құрбысы

Бүгін қазақ өнері ауыр қайғыға душар болды. Жасындай жарқ етіп, небәрі 34 жасқа қараған шағыда Оралхан оқулары байқауының жеңімпазы, көркем сөз оқу шебері актриса, асаба, әнші Гүлжанар Сазанбайқызы өмірден озды.

Аршабаева Гүлжанар Сазанбайқызы еңбек жолын «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан бастаған. Алғашқы рөлдерін «Айқаракөз» танымдық бағдарламасында алып, шыңдады. Актрисалықпен дыбыс режиссерлікті қоса атқарған талантты қыз 2006 жылы «Алдараспан» телетеатырының өмірге келуіне септігін тигізгендердің бірі болды. 5 жылға жуық телеарна қабырғасында жүріп, қанатын қатайтқан Гүлжанардың кейінгі өмірі әзіл-сықақ сахнасында өрілді. «Шаншарда» шоқтай жанған дарын бүгінгі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-ысқақ сатира театрының белді әртісі болатын. Ол ойнаған Жүсіпбек Аймауытовтың  «Сылан қыз» комедиясы өңірлік «Театр көктемі-2015» фестивалінде «Ең үздік» қойылым бойынша бас жүлдеге ие болды. Гүлжанарды көпшілік НТК телеарнасында көрсететін «Күлкі базары» арқылы да кеңінен таныды. Оңтүстіктің ғана емес, күллі қазақ жұртының жұлдызына айналған актриса жұртты әншілігімен де, асабалығымен де тәнті етіп еді. Тіпті, соңғы 2 жылда отандық фильмдерге түсуге шақырту алып, бірнеше киноларда көрініп қалды. Соңғысы - өткен жылы елдің ыстық ықыласына кенелген «Үнсіз махаббат» фильміндегі Маралдың рөлі. Жалпы, Гүлжанар Сазанбайқызы сегіз қырлы, бір сырлы достыққа берік жан еді. Оның бағындырар белесі әлі алда болатын.

Актрисаның құрбысы әрі әріптесі Майра Мырзахметованың айтуынша, Гүлжанар өз өмірінің қысқа боларын бұрыннан сезгендей.

"Ол үнемі асығып жүретін. Әсіресе соңғы бірер жылда бір іске қатты асыққандай көрінді. Театрда да барлық рольді өзіне алуға тырысатын. Бар арманы күйеуге шығып, бала сүю еді. Соңғы жылы "уақытым тым аз қалды, маған бала керек" деп жиі қайталайтын, арманына жете алмай қыршыннан қиылды" дейді марқұмның құрбысы.

Айта кетейік, актриса Гүлжанар Аршабаева бауыр ауруының асқынуынан күрт денсаулығы нашарлап, бүгін ақырғы демі үзілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары