$ 441.66  475.14  4.86

Шымкентте көлік ұрлығының саны күрт артып кеткен

Оңтүстік Қазақстан облысында көлік ұрлығының саны күрт артып кеткен. Жуырда шұғыл іздестіру шараларын жүргізген облыс полицейлері көлік ұрлығына қатысты 40-тан астам қылмыстың бетін ашты деп хабарлайды Sn.kz ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, наурыз айында тәртіп сақшылары екі адамнан құралған қылмыстық топтың жолын кесті. 1992, 1994 жылы туған екі жігіт БМВ маркалы көліктерді ұрлап, оларды қосалқы бөлшек үшін сатып отырған. Әзірге бұл топтың үш қылмысқа қатысы бар екені анықталды.

Сонымен қатар, 18 наурыз күні полицейлер бұрын сотталған 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол «Дэу-Матиз» ұрлап айдап кетіп бара жатқан жерінен қолға түскен. Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті бұған дейін 27 қылмыс жасаған екен, олардың 3-і - көлік ұрлығы, 24-і көлік ішіндегі дүниені тонау.

Осы алдын алу операциясы барысында оңтүстікқазақстандық полицейлер 8 бірдей көлікті ұрлап кеткен тағы бір күдіктінің қолына кісен салды. 1988 жылы туған жергілікті тұрғын барлығы 15 қылмыс жасады деп айыпталуда. Келтірген шығыны 20 миллион теңгеден асады.

Қазіргі таңда аталған деректер бойынша қылмысты іс қозғалып, күдіктілердің барлығы тергелуде.

ОҚО ІІД мамандары болса өңірдегі барлық автокөлік иелеріне барынша сақ болуға кеңес береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары