Кеше Қытайда есірткі тасымалдағаны үшін өмір бойына сотталған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың апелляциялық шағымы қаралып, сот шешім шығаруды жаңа деректердің ашылуына байланысты кейінге қалдырды.
«Судья Ақжарқынның пайдасына қарай анықталған кейбір деректерді қайта қарағанан кейін барып шешім шығарады. Қазір қыздың жағдайы жақсы, оған анасымен 15 минутқа кездесуге рұқсат берді. Денсаулығына шағымы жоқ, бәрі ойдағыдай. Әдетте, заң бойынша туыстарымен кездесуді сот шешімінен кейін өткізеді. Алайда, Қытай тарапы жеңілдік жасап, Ақжарқынды анасымен кездестірді», - деді Қытайдағы Қазақстан елшілігі консулдық бөлімінің басшысы Болат Сырлыбаев Қазақпарат тілшілеріне.
Ал, Ақжарқынның анасы Зухра Сейтімова болса Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында осы қылмыстық іс басталғалы бері қызын алғаш рет көріп тұрғаны айтқан. Екеуі небәрі 5 минуттай уақыт сөйлесіпті.
«Мен бүгін Ақжарқынмен кездестім. Бізге сот залында 5минуттай уақытқа сөйлесуге рұқсат беді. Ол ешқандай шағым айтқан жоқ. Алты айда бір медициналық тексерістен өтіп, күніне үш мезгіл тамақтанатынын айтты. Күніге сағынып, түсінде тек бізді ғана көреді екен. Мен оған отбасылық фотосуретті бердім, ол көзілдірік әкеп беруді сұрады, көру мүмкіндігі нашарлап кетіпті», - дейді Зухра Сейтімова. Оның айтуынша, Ақжарқын Қытай түрмесінде өткізген екі жыл уақытында қытай және ағылшын тілдерін үйреніп алыпты.
З.Сейтімова қызының есірткі тасымалдамағанына әліге дейін сенімді. "Ол қол жүгінде есіртікінің болғанын білмегенін сотта да айтып келеді. Менің байқауымша, соттағылар мұны түсініп отырғандай" дейді Ақжарқынның анасы. Оның айтуынша, Ақжарқын судьямен қытай тілінде сөйлесіп келеді. Елшіліктегілер болса абақтыға жиі келіп, қыздың жағдайынан хабар алып кетіп жүр.
Кеше Гуанчжоу қаласында өткен апелляциялық сот 4 сағатқа созылған. Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғаушылары оның кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақты деректер ұсынғандықтан сот үкім жасауға асыққан жоқ. Аталған деректер толық зерттеліп болған соң ғана нақты шешім шығады.
Естеріңізге салайық, 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталған Ақжарқын Тұрлыбайдың сөмкесінен қытайлық құқық қорғаушылар 4,5 келі есірткі тапқан болатын. Қыздың өзі болса бүгінге дейін қол жүгіне есірткіні кім салып жібергенін білмейтінін, өзінің бұл іске қатысы жоқ екенін айтып келеді. Оның ата-анасының айтуынша, есіртікіні сөмкеге Ақжарқынмен интернет арқылы танысқан алаяқтар салып жіберген. Бүгінде Қазақстан тарабы отандасымызды өз елімізге экстрадициялауға бар күшін салып келеді.