Қазақстандық құқық қорғаушылар еліміздің солтүстік облыстарын түгел есірткімен қамтамасыз етіп келген ірі қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы бүгін журналистермен кездескен ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің басшысы Сұлтан Құсетов мәлімдеді.
Күдіктілерді ұстау операциясы 7 сәуір күні Қостанайда жүргізілген. Оның барысында 15 адам қолға түсті. Араларында қырғызстандық танымал есірткі бароны, қылмыс әлемінде «Бірінші қарлығаш» (Первая ласточка) деген лақап атпен танымал 36 жастағы Ош қаласының тұрғыны да бар. Олар Орта Азия елдерін ауған есірткісімен жарылқап келген.
Қылмыстық топтың құрамына Қырғызстанмен бірге Қазақстанның және Ресейдің азаматтары да кірген. Олар өте қырағы қимылдап, бірнеше ай бойы құқық қорғаушыларға ұстатпай келіпті.
«Қылмыстық топ жарты жыл бұрын ішкі істер органдарының көзіне түсті. Жедел талдау көрсеткендей, топ жасырынудың жоғары деңгейімен, әрбір мүшесінің нақты рольдерін бөлуімен, оларды жеке топтарға бөлумен, бір-бірінің және автономиялық әрекеттері туралы хабардар болмауымен ерекшеленген, бұл ақпараттың өтіп кету қаупін төмендеткен. Сөйлесу және хабарласу кезінде тек шартты лебіздер мен терминдер қолданылған. Героинді жеткізу және топ мүшелерінің қозғалысы үшін тұрақты тексерілген таксистер мен пойыздардың жолсеріктері пайдаланылды. Есірткілердің жеткізілімдерінен ақшалай аударымдар алған кезде жасырыну мақсатында қылмыскерлермен тұрақты мекен-жайы жоқ алдын ала дайындалған адамдар тартылған. Ниеттерін жасыру және есірткілерді сақтау орындарын анықтауды болдырмау мақсатында Қырғызстанның және Қазақстанның әр түрлі қалаларында жалдамалы пәтерлер уақытша жалға алынған» деді С.Құсетов.
Қылмыстық топтың есірткіден тапқан пайдасын мамандар әлі есептеп жатыр. Белгілісі, сталған сәтте олардан құны 100 миллион теңгеден асатын 3 келі героин тәркіленген. Қазіргі таңда полицейлер аталған топтың өзге 11 мүшесін іздестіріп жатыр.