ҚР Парламентінің шаруашылық басқармасы бұған дейін айтылған 11 мың шөлмек арақ-шарапты сатып алу туралы мәлімдемені жоққа шығарды деп хабарлайды Tengrinews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Парламенттің шаруашылық басқармасы депутаттар үшін 11 мың шөлмек қымбат вискилер мен коньяктар және арақ өнімдерін сатып алғалы жатқандығын хабарлаған болатынбыз. Өйткені, "ҚР Парламенті шаруашылық басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы" алкогольді өнімдер нарығын зерттеп, спирттік ішімдіктер сатумен айналысатын компанияларға өздерімен байланысуды сұраған еді.
Алайда, Парламенттің баспасөз қызметі Шаруашылық басқармасының тек нарықты зерттегенін, бірақ, мұнша көлемде арақ-шарап сатып алу туралы сөз қозғамағанын мәлімдеп отыр.
"Сатып алынатын өнім жайына тоқталсақ, нарықты біз 519 шөлмек алкогольді өнім сатып алу үшін зерттедік. 11 мың шөлмек сатып алу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Шаруашылық басқармасының сайтына ақпаратты ілетін кезде адами фактор салдарынан қате кетіп, дәл осындай үлкен цифра жазылып кеткен. Яғни, мемлекеттік сатып алу веб-порталынан материалды көшіру кезінде қате кетіп, 519-дың орнына 11 мың дана деп көрсетілген. Қазір бұл мәселе бойынша қызметтік тексеру жүріп жатыр. Ақпаратты бұрмалағандар міндетті түрде тәртіптік жазасын алады" делінген Парламенттің шаруашылық басқармасы таратқан хабарламада.
Ведомство өкілдері алкогольді өнімдерге жұмсалатын қаржының 2 миллион теңгеден сәл ғана асатынын айтып отыр.