Жамбыл облысының полицейлері осыдан бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен шымкенттік кәсіпкер әйелдің өлі денесін тапты деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, марқұмның Шымкенттегі інісі Мойынқұм аудандық ІІБ-не 17 сәуір күні арызданып, әпкесінің жоғалып кеткендігі туралы айтқан. 49 жастағы кәсіпкер әйел содан бірнеше күн бұрын Павлодардан КАМАЗ жүк көлігімен ОҚО-ға қарай бет алған көрінеді. Алайда, Жамбыл облысының аумағына кіргенде көліктері бұзылып, әйел жүргізушісін қалдырып, өзі өзге жүк көлігіне отырып кетеді. Содан бері одан еш хабар жоқ.
"Аталған дерек бойынша Жамбыл облыстық ІІД басшысы Тілеген Маткеновтың бұйрығымен ең білікті мамандардан құралған топ құрылып, шұғыл іздестіру шараларын қолға алды. Тергеу және криминалды полиция басқарламаларының қызметкерлері мойынқұмдық әріптестерімен бірігіп, ауданды шолып шықты. Осы жұмыстардың нәтижесінде 19 сәуір күні жоғалып кеткен кәсіпкер әйелдің өртеніп кеткен өлі денесі табылды" делінген тәртіп сақшылары таратқан хабарламада.
Полицейлерге күдіктіні ұстау үшін көп уақыт керек болған жоқ. Араға бір күндей уақыт салып әйелді өлтірді деген күдікпен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны қолға түсті. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындап отыр. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары одан айғақ зат ретінде марқұмға тиесілі ірі көлемдегі ақшаны тәркіледі. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оның үстінен кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.