"Астана ЭКСПО-2017" компаниясы экс-басшыларының үстінен жүріп жатқан сот процесі барысында куәгерлердің бірі былтыр Миланда (Италия) өткен ЭКСПО халықаралық байқауына қазақстандық тараптың қанша теңге шығындағанын айтып берді деп жазады Tengrinews.kz
Сотқа куәгер ретінде қатысып жатқан "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Нұрбек Ергешбаевтың айтуынша, 2015 жылы өткен ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін қажетті қаражатты ҚР Экономика және қаржылық жоспарлау министрлігі 2013 жылы бекітіп қойған екен.
"Бұл бекітілген қаражат бөлініп, 2014 жылдың мамыр айында CONSULTORIA компаниясымен келісім жасалды. Келісім бойынша, аталған компания Миландағы көрмеде Қазақстанның павильонын құруы тиіс болатын. Жұмыстар басталған соң біз CONSULTORIA компаниясынан хат алдық, олар бастаған жұмыстарын соңына жеткізу үшін тағы 3,3 млрд теңгенің қажет екенін айтты. Мұны өздері валютадағы ауытқулармен түсіндірді. Яғни, бюджетті бекітер кездегі валюта бағамы басқаша еді. Ал, жұмыс жүріп жатқанда евроның бағамы өсіп кеткенін білесіздер" деді сот отырысында куәгер Ергешбаев.
Оның айтуынша, арадағы келіссөздер барысында павильонды жасау жұмыстарын барынша сапалы және соңына дейін жүргізу мәселесі талқыланған.
"Тамыз айында басқарма төрағасы Ермегияевте өткен жиында компанияның сұраған өтінімін қарап, ол бойынша шешім шығару тапсырылды. Осылайша, өтінім қабылданып, оны маған тікелей жетекшілік ететін төраға орынбасары Трэвис Кососки қарады. Сондай-ақ, бұл кезде Миланда комиссар болып тағайындалған Әнуарбек Мусин де компания өтінімін өз қарауына алды. Қаржылық өтінімнің барлық тетіктерін қарастырдық. Мұнан кейін біз өз тарапымыздан оны Эконмика министрлігіне жібердік.Ондағылар да құжаттағы әрбір тармақты түсіндіріп беруді талап етті" деді Н.Ергешбаев.
Ол сондай-ақ, қаржыға қатысты барлық мәселелерді тікелей комиссардың араласуымен шешілгендігін атап өтті.
"Республикалық бюджеттік комиссия өтінімді қарап болып, мердігер компания оны қорғап шықаннан кейін мен құжаттағы шығындарға қатысты кейбір тармақтармен келіспейтіндігімді айттым. Мұнан кейін маған Кососки хабарласып, бөлінген қаражатты алу үшін құжатқа қол қою керектігін, бұл төрағаның тапсырмасы екенін айтты, мен ол кезде ауруханада емделіп жатқан болатынмын. Менің келіспеген себебім, павильонға заманауи технологиялармен жабдықталған қондырғылар орнатылды, ал олардың құны маған күдік тудырды. Бірақ, шыққан шығынның расымен де мақсатты жұмсалғанын тексере алмадым... Аталған құжатқа қол қоймасам жұмыстан кететінімді айтты" деп сөзін түйді Нұрбек Ергешбаев.
Оның айтуынша, CONSULTORIA компаниясымен келісілген жалпы сома 1,476 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, қосымша келісім бойынша тағы 4,856 млрд теңге бөлініпті.