«Нұр Отан» партиясының талабына сай, иелігіндегі мүлкін жария еткен шымкенттік әкімдердің біразының басында үйі жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Жергілікті «Отырар» телеарнасының хабарлауынша, атқамінер шенеуніктердің ара¬сын¬да мүлкі мен табысы жөнінде кеңінен ақпарат берген бір адам болса, ол Сапарбек Тұяқбаев. Ол: «Облыс әкімінің орынбасары ретіндегі алатын айлық жалақым 400 000 теңге шамасында. Ал, әйелімнің айлық табысы 150 мың теңге. Шымкентте жылжымайтын және жылжитын мүлкіміз жоқ. Қызметтік пәтерде тұрып, таксимен жүреміз.
Есесіне, Астана қаласында жеке пәтерім бар. Оны осыдан 4 жыл бұрын жалға алып, кейін мүлікті өз атына аударып алу бағдарламасы аясында 3 бөлмелі пәтер алғанмын. Соның жалға алу құнын әлі күнге дейін төлеп келемін», деп ағынан жарылды.
Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды болса айына 264 000 теңге жалақы алады екен. Төрт баланың әке¬сі атанған шаһар басшысының иелігінде жылжымайтын мүлік те, жеңіл автокөлік те жоқ. Әйелінің атына жазылған 3 бөлмелі пәтерде тұратын әкім бауырының автокөлігін сенімхат арқылы айдап жүр. Дархан Амангелдіұлының сөзіне сүйенсек, банкте жеке есепшоты болмағанымен, күні бүгінге дейін 20 миллион теңгеге дейін қаржы жинап үлгеріпті.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов та еңбекақысының сомасын жасырмады. Мемлекеттік қызметте 20 жылдық жұмыс өтілі бар әкім биылғы жылдың 7 айында 2 млн 716 мың теңге көлемінде табыс тапқан. Декларацияға сәйкес, Еңбекші ауданының әкімі айына 388 мың теңге жалақы алады.
Ғалымжан Молдабайұлы екінші деңгейлі банктердің бірінде азын-аулақ қаражаты сақталғанын айтқанымен, оның нақты сомасын жасырып қалды. Тек қалада 3 бөлмелі жеке үйі мен «Мерседес» маркалы жеңіл автокөлігі бар екенін білдік. Абай ауданы әкімінің жалақысы да жоғарыда аталғандардан кем емес екен. Ахмет Татыбаевтың айлығы 315 мың теңге. Атында «Джип» маркалы автокөлік тіркелгенін айтқан аудан әкімі басқа жылжымайтын және жылжитын мүлкім жоқ деп ақталды. Алайда Ахмет Өтегенұлы қайда тұратынын айтуды жөн көрмеді. Аудан әкімдерінің арасында табысы мен тұрмысы ең қарапайымы әл-Фараби ауданының әкімі болып шықты. Декларацияда көрсетілгендей, Бауыржан Қалжанов бір айда 291 818 теңге жалақы алады.
Әкімнің айтуынша, былтырғы жылға қарағанда биыл оның айлығы біршама көбейген. Десек те, басқа әкімдер сияқты оның да не үйі, не көлігі жоқ болып шықты. Айтуынша жеңіл көлігін сатып жіберген. Жұбайы екеуі қаладағы пәтерлердің бірін жалға алып тұратын аудан әкімі қазір қызметтік көлікті тізгіндеп жүрген көрінеді.