$ 494.87  520.65  4.91

Оңтүстік Қазақстанда мүгедектер қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналасады

Мүгедектерді жұмысқа орналастыруда жоспар 50 пайызға да жетпейді. Мұндай мәлімет мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудың 6 айлық қорытындысында айтылды. Жиында белгілі болғаны сол жарымжан жандарды жұмысқа тартатын жәрмеңкелер өтірік өтеді екен, деп хабарлайды kz.otyrar.kz.

Мақсат Сәрсембаев ― І топтағы мүгедек. Жас жігіттің жұмыс іздеп жүргеніне көп болды. Оның, тіпті, жарымжан жандарға арналып ұйымдастырылатын жәрмеңкеден де көңілі қалған. Өйткені бұл шараға 3 рет қатысып, тауы шағылған бозбала енді жәрмеңкеден қайран жоқ деген ой түйіпті.

― Орысша айтқанда «формальность» дейді ғой. Жәрмеңкелер өтіп жатыр. Қабылдап жатырмыз деп айтады. Менің ойымша, ол әншейін қағаз жүзінде өтіп жатыр. Осы қалалық жәрмеңкеге көп адамды алып келдім мен. Бір күн өтті. Азаннан кешке дейін жүрдік біз. Бізді көреді. Дереу сылтау табады. Мынанша мүгедекке жұмыс беріп жатырмыз деген есеп жүріп жатыр. Енді мен ол жерде жоқпын ғой? Менің таныстарымды алған жоқ жұмысқа, ― дейді І топтағы мүгедек Мақсат Сәрсембаев.

Бозбаланың сөзінің жаны бар. Себебі оның бұл пікірін облыстық басқарма да қуаттап отыр. Мәселен, өткен жартыжылдықта 2,5 мыңдай мүгедекті жұмысқа орналастыру керек болса, соның қазір жартысы ғана жұмыс тапқан. Бұл ― тек қағаздағы есеп.

― Бәйдібек ауданында жәрмеңке өткіздік деп ақпар береді, бірақ соған небары - 2 жұмыс беруші ғана қатысады. Оған ұсынылып отқан жұмыс орындары бар болғаны төртеу. Қалай жәрмеңке деп атауға болады осыны? Тура сондай жағдай Мақтаралда қайталанды. Онда жәрмеңкеге 7 жұмыс беруші қатысса, Отырарда - 6, Арыста - 7, Түркістанда - 9 кәсіпкер жәрмеңкеге қатысқан. Ақпараттың болмауынан жұмыспен қамтылған мүгедектердің саны өте төмен. Сайрам ауданында сол жәрмеңкенің нәтижесі бар болғаны - 2 адам, Төле биде - 3 адам, Шардарада - 3 адам, Арыс қаласында - 2 адам ғана тұрақты жұмыспен қамтылды, ― деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары