Оңтүстікқазақстандық полицейлер 1988 жылы туған Амангелді Ақыновқа іздеу салды. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінде жұмыс істейтін маман бес күннен бері із-түссіз жоғалып кеткен. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жас жігіттің хабарсыз кеткендігін ең алғаш болып туған ағасы әлеуметтік желіде хабарлады. Тұрар Ақыновтың айтуынша, Амангелді 11 мамыр күні жұмысынан үйіне қарай шығып, сол күйі оралмаған. Алдымен кешкі жетілер шамасында хабарласып, жолда екенін айтса, араға екі сағат салып кеш келетіні туралы хабарлама жіберіпті. Мұнан кейін оның ұялы телефоны сөндірілген.
Белгілері: бойы шамамен 170-175 см, орта денелі, көзі қара түсті, шашы қысқа, қара түсті. Үстінде киген киімі костюм және көк түсті шалбар, ақ түсті көйлек және қара түсті аяқ киім болған.
Із-түссіз жоғалған азаматты іздеу мақсатында ОҚО Ішкі істер департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды.
Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері жоғалған Ахынов Амангелді туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда полицияға хабарласуын сұрайды. Тел.: 8-771-883-30-13, 8-747-909-99-66 немесе «102».