$ 446.49  475.38  4.79

Қаржы министрлігі пантеонға бөлінген 79 млрд теңге жайлы білмейтін болып шықты

Министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ведомствоға аталған жобаның құжаттарын әзірлеу үшін өтінім келіп түспеген. Бұл жайында Informburo.kz порталы хабарлады.

"Пантеон туралы айтар болсақ, қазіргі таңда жобалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге бұл туралы қандай да бір ақпарат тарату ертерек. Біз әлі құжаттарды көрмедік. Яғни, ресми түрде бөлінген қаражат туралы айту әлі ертерек" деді министр тілшілерге берген сұхбатында.

VIP-мола салу үшін 79 миллиард теңгенің бөлінгенін журналистер Астана әкімдігіне сілтеме жасай отырып министрге айтқан болатын. Бақыт Сұлтанов болса бұл ақпаратты алғаш рет естіп тұрғанын айтып, таңданысын жасырған жоқ.

"Пантеон салуға 79 млрд теңге бөлінген дейсіздер ме? Бізге әлі мұндай құжат келіп түскен жоқ. Қазір бұл мәселе Астана әкімдігінің қабырғасында талқыланып жатыр. Біз оны көрген жоқпыз" деп атап өтті ведомство басшысы.

Естеріңізге салайық, Астана әкімдігі осыдан бірер күн бұрын 79 миллиард теңгеге Ұлттық пантеон салатынын хабарлаған болатын. Онда елімізге танымал тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтар жерленетін болады. Мазараттың аумағы 1 мың гектар жерді құрап отыр. Нысан Астанадан 17 шақырым қашықтықтағы Қабанбай батыр ауылында бой көтереді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары