Бүгін Астанада мемлекеттің қаражатын талан-таражға салды деп айыпталып жатқан "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының экс-төрағасы мен оның жақтастарына қатысты сот отырысы жалғасып, судья екі жақтың да пікірлерін тыңдады. Прокурорлар Талғат Ермегияев пен өзге де айыпталушыларды бюджет қаражатын жеке мүдделері үшін жұмсағанына сенімді.
"Судьядан Талғат Ермегияевты ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабы 5-тармағымен айыпты деп тауып, 14 жылға бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді, 189-бабы 4-тармағының 2-ші тармақшасымен айыпты деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды және өмірінің соңына дейін нақты қызмет түрімен айналыспауды, 58-бабы 3-тармағы бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырып, барлық мүлкін тәркілеп, нақты қызметпен айналысуына тыйым салуды, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуін сұраймын" деді сот отырысында прокурор Әлібек Айтжанов.
Айта кетейік, осы іс барысында қос тараптың 100-ден астам куәгері түсініктеме берді. Олардың көпшілігі Ермегияевтің кінәлі екенін айтқан. Өзге сотталушылардың да мәлімдемелері экс-төрағаның қылмыстық топ құрамында болғанын көрсетіп отыр.