Көз жұмған балалардың көбі суға ағып кеткен. Кешегі демалыс күндердің өзінде 11 сәби бақилық болыпты. Соңғы оқиғалардың бірі Ғани Мұратбаев ауылында орын алған. Қараусыз қалған екі жасар қыз дәретхана шұңқырына құлап қайтыс болған. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК-нің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде қараусыз қалып, майып болатын немесе көз жұматын балалардың саны соңғы уақытта күрт артыпты.
2 жасар қыз қайтыс болған күні Боралдай өзенінің бойында орналасқан Теректі ауылында да 2013 жылы туған қыз бала көз жұмды. Ол өзенге ағып кеткен.
"Осы күні Жамбыл облысында да қайғылы жағдай орын алды. Талас ауылында қараусыз қалған 4 жасар ұл бала суға батып кеткен. Ал, Тараз қаласында жалғыз өзі аулада ойнап жүрген екі жасар қыз арыққа құлап, тұншығып қайтыс болды", - делінген ҚР ІІМ ТЖК-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
28 мамыр күні ОҚО Ордабасы ауданындағы Жусансай ауылында да екі жасар сәби арыққа құлап бақилық болды. Дәл осы күні Алматы облысының Шамалған станциясында және Ұзынағаш ауылында 2014 және 2016 жылғы екі нәресте үлкен ыдысқа толтырылған суға тұншығып қайтыс болған. Ал, Павлодар облысындағы Ақсарай ауылында өздігімен шомылуға барған 6 жасар ұл бала суға ағып кеткен.
Дәл осындай қайғылы жайттар Қызылорда мен Атырау және Ақмола облыстарында орын алды.
Осы жайттарға байланысты құтқарушылар ата-аналардан балаларына барынша сақтықпен қарауын сұрап отыр.