$ 494.87  520.65  4.91

Бас прокуратура 108 млн теңгені сыйақыға емес, шетелдіктерге күтуге жұмсағанын мәлімдеді

ҚР Бас прокуратурасы Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевтың сынына жауап берді. Халық қалаулысының айтуынша, 2015 жылы прокурорлар 108 миллион теңгені қонақ күтуге және оларға сыйлық сатып алуға жұмсаған көрінеді. Алайда, аталған ведомство депутаттың бұл сөзінің шындыққа жанаспайтынын айтып отыр.

Бүгін ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі 108 миллион теңгені қайда және қалай жұмсағандарына есеп берді.

"Қазақстан Республикасы Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ тәрізді бірқатар ғаламдық және өңірлік халықаралық ұйымдардың қатысушысы болып табылады. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әртүрлі халықаралық құрылымдар шеңберінде қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастыққа және серіктестермен тікелей көпжақты сұхбатты құруға жауапты болып табылады.", - делінген ведомствоның жауабында.

Хатта айтылғандай, халықаралық ұйымға мүше елдер жыл сайын кезегімен ұйымның кезекті жиынын өткізіп тұруы тиіс. Оған жұмсалатын шығындардың барлығын сол өткізуші мемлекет көтереді.

"Қазақстанда ШЫҰ мүше мемлекеттерінің бас прокурорларының жиналысы мен ТМД елдері бас прокурорларының үйлестіру кеңесін өткізу өткен жылға сәйкес келіп қалды. Енді алдағы бірнеше жылда осы іс-шаралар өзге елдерде өтеді.", - делінген прокуратураның мәлімдемесінде.

2015 жылы Қазақстанның Бас прокуратурасы өзге де халықаралық деңгейде жиындар өткізгенін айтып отыр. Сондықтан, 108 миллион теңгені мақсатсыз жұмсалды деу қисынсыз дейді олар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары