ОҚО полицейлері 18 жастағы қызылордалық Ғазиза Қайратованы алтыншы күннен бері іздеп жатыр. Түркістандағы медколледж студенті жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен деп жазады Informburo.kz.
Қыздың ата-анасы айтқандай, Ғазиза 31 мамыр күні Қызылордадағы үйінен шығып, Түркістанға қарай таксиге отырған. Бірнеше сағаттан кейін телефонмен хабарласып, аман-есен жеткенін айтыпты. Алайда, артынша телефоны сөндіріліп, өзі із-түссіз жоғалып кеткен.
"Біз оны өзіміз таныстар арқылы таппақ болдық. Кейін Түркістан аудандық ІІБ-не арыз жаздық. Ол қайда баратынын, кіммен болатынын үнемі бізге айтып, ескертіп отыратын. Биыл диплом алатын жылы болғандықтан емтихан тапсыру үшін колледжге кеткен еді", - дейді жоғалған қыздың анасы Гүлнәр Жәнібекова.
Дегенмен, Ғазиза Қайратованың 4-нен 5 маусымға қараған түні "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі өз парақшасына кіргендігі белгілі болып отыр. Ол түнгі 2:15 шамасында ұялы телефоны арқылы интернетке қосылып, ғашық екендігін жазып қалдырған. Ал, жоғалатын күні парақшасындағы суретін де жаңартыпты.
Қазіргі таңда оңтүстікқазақстандық полицейлер бұл жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғап, Ғазизаны іздеуге кірісіп кеткен. Дегенмен, іздеу жұмыстары нәтижесін берер емес. Туыстарының айтуынша, бойжеткен үйінен шығар кезде қара футболка мен джинсы шалбар және джинсы жакет киген екен.