Ұлттық біріңғай тестілеудің алғашқы үш күнінде 58 343 түлек тест тапсыруға қатысқан. Олардың 31-і ҰБТ ережелерін бұзғандығы үшін тест тапсыру залынан шығарылыпты. Бұл туралы ҚР БҒМ-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Тестілеуден шығарылғандардың 13-і емтихан кезінде ұялы телефон пайдаланса, біреуі тест материалдарын бүлдірген. Ал, 17 түлек тест кітапшасын сыртқа алып шықпақ болған және беттерін ауыстырған.
Сондай-ақ, осы үш күн ішінде ең жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушылардың саны 11-ге жетіп отыр, яғни 125 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген. Олардың бесеуі Алматы қаласынан, екеуі Павлодар облысынан. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Астана мен Семей қалаларынан бір-бір түлектен жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Тестілеу нәтижесімен келіспеген бітірушілердің келесі күні сағат 14:00-ге дейін әрбір пунктте құрылған апелляциялық комиссияға шағымдануға құқықтары болады. Апелляцияға өтініштер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша да, техникалық себептер бойынша да қабылданады.
Апелляцияға өтінішті беру барысында бітірушінің әрбір тест тапсырмасы бойынша тестілеу нәтижелерімен келіспейтін негіздемесімен беру керек.
Тестілеудің екі күнінде Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына барлығы 279 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 60 тест тапсырмасы қанағаттандырылды, яғни жалпы қолданған тест тапсырмаларының 0,5%-н құрайды. Негізінде бұл апелляциялар қазақ тілінен, математика және Қазақстан тарихы пәндерінен болды.