$ 445.66  474.58  4.78

Қазаққа қырғыз қосылса, «жыртық жамалып, тесік бітелер» еді

Бізде жоқ еңбекқорлық оларда бар. Іс жүзіндегі демократиясын да алып келер еді. Керек десеңіз, әлемдегі басты құндылық – сол демократия! Қырғыздың қызуқандылығы біздің қойдай жуас мінезімізге әсер етеді.
фото: ok.ru
фото: ok.ru

Жайшылықта "қазақ-қырғыз – бір туған" деп күпінеміз. Онымыз іс жүзінде солай ма? Бір тусақ, неге бірікпейміз? Қордай асып Дордойға барғанда дардаймыз, ал неге қырғыз бауырымызды құшағымызға алмаймыз?

Біздің биліктің ядролық сынақтан бас тарту, халықаралық ұйымдарға төрағалық ету сынды әлемдік қауымдастық алдында әжептәуір беделі бар. Өзіміз солай деп есептесек, шекара сыртындағы алпауыт елдерге небір ұсыныстар енгізе алып жүргенімізді де айтпай кетуге болмас. Сөйте тұра, неге "төскейде малы, төсекте басы қосылған", арамызды Алатау мен Қаратау ғана бөліп тұрған айыр қалпақты ағайынды өзімсініп, іштартпасқа? "Жыртығыңды жамаймыз, тесігіңді бітейміз" деп оларға да ұсыныс жасауға болар еді ғой.

"Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" деген қазақ бір туған қырғызға "қосылайық" деп қолқа салса, атынан ауып қалмас. Елге ел қосылса, құт емес пе қайта?! Тарих қатпарындағы өткен-кеткен өкпе-ренішті де ұмытамыз. Мәселен, бізде жоқ еңбекқорлық оларда бар. Іс жүзіндегі демократиясын да алып келер еді. Керек десеңіз, әлемдегі басты құндылық – сол демократия! Қырғыздың қызуқандылығы біздің қойдай жуас мінезімізге әсер етеді. Әрине, қазақ ешқашан ордасын шаппаған. Біз үшін билік – киелі ұғым. Бірақ, Алтын Орда империясының мұрагерлеріне тән жауынгерлік рухқа сілкініс жасайтын түбі бір туысқаныңның қасыңда болғаны жөн ғой. Сондай-ақ, "ауылы аралас, қойы қоралас" екі елдің санасы жаңғырады, қаны тазарады дегендей. Онсыз да Ақаевтан бері тартсақ, біраз басшылары қазаққа жиен екенін білеміз... Қысқасы, қырғыздан қазақтың алары көп.

Бұл ой арқылы олардан пайда көріп қалайық деп отырған жоқпыз, әрине. Ниет түзу. Ағайынды бауырға тартқаннан жеріміз кеңіп кетпейді. Олардың өзіміздегі бір облыстың көлеміндей-ақ жерімен әрі кетсе әлемдік деңгейде 8-орынға көтерілерміз. Ал оның несі абырой бізге?! Жер керек болса, өздері онсыз да қазір алып құрлықты иемденіп жатқан Ресейге қосыламыз деп жүр ғой.

Иә, Мәскеудегі қырғыз диаспорасының төрағасы, Қырғыз Республикасының Ресейдегі экс-елшісі Райымқұл Аттакуров Pravda.ru порталына сұхбат беріп, өз ойын осылай деп жеткізген. Оның айтқандарын орыстілді ақпарат құралдары "жерден жеті қоян тапқандай" гулетіп әкетті.

"Біз көптеген ғасырлар бойы бірге болдық. Мұны тарихи тағдырымыз алдын ала анықтап қойған. Біздің ортақ тарихымыз бар. Енді ұзақ уақытқа жоспарланған болашағымыз бар деп үміттенеміз. Қазір көптеген қырғыздың басында Ресейдің құрамындағы республикалардың бірі болу туралы ойлар пайда болды", - дейді Аттакуров.

Оның "ортақ тарихымыз бар" дегені – бодандық бұғауындағы қилы кезеңдер ғана. Сонымен қатар, "ортақ тіліміз бар" деп те соғыпты сол сұхбатында. Орыс тілі келмеске кеткен Кеңес кеңістігіндегі одақтас елге зордың күшімен таңылған тіл болғанмен, Аттакуровқа ортақ тіл өзіміздің түркі тілі болса керек-ті. Көп қырғыз орыс тілін түсінбегенмен, қазақ ағайынымен өзінің ана тілінде-ақ еркін сөйлесе алады емес пе? Қазақ та солай. Қырғызша сұрақ қойған көршісіне қазақша жауап қата береді. Оған екі ел айтыскерлерінің көптеген айтыстары дәлел. Бірақ, біздің биліктегі мәңгүрттер сияқты, қырғыз билігінде болған Райымқұл Аттакуров олай ойламайтын сияқты.

"Әрине, мұны бірден іске асыру мүмкін емес. Меніңше, осы мәселеге күндердің күні қайтып ораламыз. Өйткені, өмірдің өзі бізді бірігуге итермелеп тұр", - дейді елін қалайда Ресейдің құрамына қосуды "мақсат тұтқан" ол. Әлі де ойлануың керек қой.

Дереккөз: Paryz.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары