Жуырда ғана тағайындалған Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ЖОО дипломын ала салып, мектепке директоры болып тағайындалған. Ол тіпті, дипломсыз жүріп, бірнеше мектепте мұғалім боп та жұмыс істеген көрінеді. Мұндай мәлімет аталған басқарманың ресми сайтында көрсетілген.
Сайтта көрсетілген мәліметке сенсек, Қасымхан Сенғазыұлы жоғарғы оқу орнын 2007 жылы бітіріпті. Атап айтқанда, ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру» мамандығы бойынша тәмамдаған. Мұнан кейін араға небәрі бір жыл уақыт салып, Астанадағы №21 орта мектепке директор болып тағайындалған. Бұл аралықта ол жеке секторда жұмыс істеген екен. Осы кезден бастап оның қызметтегі өрлеуі басталыпты. Алдымен Астанадағы №49 мектепке директор болып ауысса (2011 жыл), 2013 жылдан бастап Білім басқармасы басшысының орынбасары, 2016 жылдың қаңтарынан бастап Астанадағы "Алматы" ауданы әкімінің орынбасары, 2 маусымнан бастап Білім басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.
Айта кететін тағы бір жайт, 2009 жылы Қ.Сенғазыев екінші дипломын қорғаған. Атап айтқанда, ол Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдады. Бірақ, екі дипломын да ол жұмыс істеп жүріп алған. Соған қарағанда, басқарма басшысы ЖОО-ны сырттай оқыған болуы мүмкін.