Ауыл шаруашылығы министрі егін алқаптарында шегірткенің неліктен көбейгенін түсіндірді. Асқар Мырзахметовтың айтуынша, зиянкестердің еселеп артуына алдын-ала қамданбаған жергілікті шенеуніктер кінәлі деп жазады KTK. Оның үстіне, бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда биылғы шегірткелердің шабуылы түк емес дейді министр.
Осы зиянкестердің кесірінен әсіресе, оңтүстіктің диқандары мол шығынға батып жатыр. Жүздеген гектар жерге егілген жеміс-жидек пен қарбыз-қауындарын шегірткелер жайпап тастаған. Шенеуніктерді түк бітірмей отыр деп айыптаған диқандар қазір зиянкестермен өздері күресіп жүр. Бір қызығы, Ауыл шаруашылығы министрлігі мамыр айында зиянкестермен күреске 2 миллиард 700 миллион теңге алған екен. Алайда, бұл көмек шалғайдағы аудан-ауылдарға жетпей жатқанға ұқсайды.
Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Мәселе шегіртке қаптағаннан емес, жоспарлы түрде өңделетін алқаптарда дер кезінде жұмыс жүргізілмеуі себепті орын алып отыр. Бұны 2002 жылдағы шегірткенің қаптағанымен салыстыруға болмайды.