$ 498.34  519.72  4.85

Мамандар ата-аналардың салғырттығына байланысты дабыл қағып отыр

Кішкентай балалардың ата-ана салғырттығынан қайтыс болуы жиілеп кетті деп дабыл қақты ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары. Әсіресе, жаз мезгілінде суға кетіп, шетінеп жатқан нәрестелер көп.

14 маусым күні БҚО-дағы Ақжайық ауданы Есентай ауылында Орал өзеніне шомылып жүрген 13 жастағы жеткіншек суға ағып кеткен. Оның денесін облыстық ТЖД мамандары су астынан алып шықты.

Дәл осы күні Алматы қаласындағы Үлкен Алматы өзеніне 2014 жылғы сәби батып кеткен. Республикалық жедел-құтқару отряды мамандары баланың мәйітін тек келесі күні ғана таба алды.

15 маусым күні Павлодар облысы Ертіс ауданына қарасты Қараағаш ауылында ата-ана қарауынсыз қалған 2 жасар қыз бала трактор дөңгелегінің ішіне толып қалған жаңбыр суына тұншығып көз жұмды. 

Ал, Астанада 4 жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Ол да ата-ана қарауынсыз қалып, өздігімен терезеге өрмелеп шығыпты. Қазіргі таңда сәби ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, жағдайы ауыр.

Бұл тек соңғы екі күнде орын алған жағдайлар. Әсіресе, шомылу маусымы басталған уақыттан бері суға кетіп жатқан балалардың саны күрт артты дейді ТЖК мамандары. Сондықтан, олар ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауға кеңес беріп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары