Шымкент тұрғыны 14 жастағы Лилия Ахметованың жоғалуына қатысты жаңа деректер анықталды. Жергілікті TVK телеарнасына сұхбат берген жеткіншектің анасы қызының туған күнге кеткенін және дәл қазір бір жерде жасырынып жатуы мүмкін екенін айтып отыр.
Лилия мен оның ата-анасы Шымкенттегі Чапаевка елдімекенінде тұрады, өзі №34 мектептің 8-сынып оқушысы. Осыдан тура бір апта бұрын ол үйінен туған күнге кеттім деп шығып, сол күйі оралмаған.
"Ол туған күнге өзінің құрбысымен бірге кетті. Соңғы рет оны түнгі 12-лер шамасында вокзалдан көргендер бар екен. Біз алдымен өзіміз іздеп көрдік, бірақ нәтиже шықпаған соң үш күннен кейін полицияға арызданып отырмыз", - дейді Лилияның бойжеткен әпкесі Тахмина.
Жеткіншектің анасы Наталья Алымованың айтуынша, соңғы рет Лилияны 19 жастағы Садық деген танысы көрген.
"Ол бұрын бізбен бірге Чапаевкада тұратын, кейін 11 шағынауданға көшіп кетті. Олар туған күннен кейін такси шақырып, Надяны отырғызып жіберген, ал, менің қызымды көпірге дейін шығарып салыпты, мұнан кейін оны ешкім көрмеген. Лиля сол жерде оның туыстары тұратынын, солардың үйіне қонатынын айтқан көрінеді. Бірақ, ол маңайда біздің ешқандай танысымыз жоқ", - дейді Н.Алымова.
Оның айтуынша, қызы бұрын оғаш қылықтарымен көзге түспеген, ешқайда рұқсатсыз кетіп те көрмепті. Отбасында ұрыс-керіс болған жоқ дейді ол. Жігіті болмаған. Өзімен бірге не құжаттарын, не ақша алып шықпағандықтан, өзге жаққа кетіп қалуы екіталай. Анасының пікірінше, Лиля үйге келуге қорқып, бір жерде жасырынып жатуы мүмкін.