Оңтүстік Қазақстан облысындағы 566,3 мың гектар суармалы алқаптың 186 мың гектары тұзданып кеткен. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың ауылшаруашылық саласы ғалымдарымен өткізген жиыны барысында айтылды.
Жалпы Оңтүстік өңірі республикадағы бірден бір аграрлық аймақ. Осылай деген облыс басшысы жердің тұздану мәселесін шешуді тездету керектігін атап өтті. Себебі ауылшаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлығына тікелей байланысты.
Бүгінгі таңда тұзданған алқаптың 93,6%-ын Мақтарал, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының жерлері құрап отыр.
Мәжіліс барысында Отырар, Мақтарал аудандырының және Арыс қаласының әкімдерінің, «Қазсушар» және «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорындары өкілдерінің атқарылған жұмыстарының есептері мен ұсыныстары тыңдалды.
Ағымдағы жылы 531 шақырымдық 46 су нысандарына облыстық бюджеттен 3,9 млрд. теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда, 30 мың га суармалы жердің жағдайы жақсарып, 1,5 мың га суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.
Ауыл шаруашылығы министірлігі Ислам Даму Банкімен жер асты суаларының деңгейін төмендетуге бағытталған жобаларды жасақтауда. Аталған жұмыстар нәтижесінде Мактарал ауданында 210 дана, Шардара ауданында 302 дана тік дренажды ұңғымалар қайта құрылмақ. Нәтижесінде Мақтарал ауданында 37 059 га және Шардара ауданында 64 315 га суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.
Отырар ауданындағы Шәуілдір алқабындағы ішкі коллекторлық дренаж жүйелерді қайта құру жобасы Европа қайта құру және даму Банкі арқылы қаржыландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы жоба, 12,0 мың га суармалы жердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға қол жеткізіледі.
Одан бөлек, Отырар ауданының суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін және 5 мың га жаңадан суармалы жер қосу мақсатында, бүгінгі күні Европа қайта құру және даму банкімен 4,4 млрд теңгеге «Сырдария-Арыс» каналын қайта құру жұмыстарының мәселесі пысықталды.
Сондай-ақ, Дүние жүзілік даму банкінің қаржыландыруымен ИДЖЖ-2 бағдарламасы арқылы Мақтарал ауданында 39 757 га, Шардара ауданындағы 20 630 га және Түркістан қаласында 10 000 га жерге суару жүйелерінің қайта жаңарту және қайта құру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда, Австралиялық «SMEG» фирмасы аталған бағдарламаға жобалау жұмыстарын жүргізуде.
Жоғарыда аталған жобалардың аяқталуымен 2018-2020 ж облыста суармалы жерлердің тұздану мәселесі толығымен шешімін табу жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстанның су ресурстарын басқару» мемлекеттік бағдарламасы аясында 125 мың га жаңадан суармалы жерлер қосылу көзделуде.